Павлодарда отбасылар құқықтық білімдерін зияткерлік сайыста сынады
Ата-аналар мен оқушылар заң, интернет қауіпсіздігі және балалардың құқықтары бойынша сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
М. М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында «Заң және тәртіп» бастамасы аясында «Құқықтық отбасы» атты отбасылық брейн-ринг өтті. Оған Павлодар мектептерінің оқушылары мен олардың ата-аналарынан құралған командалар қатысты.

Қатысушылар бес кезең бойынша жарысып, құқықтық сауаттылықтарын, жылдам ойлау және бірлесіп шешім қабылдау қабілеттерін көрсетті.
Сайыс барысында отбасылар балалардың құқықтары мен міндеттері, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік, қоғамдық тәртіп, интернет қауіпсіздігі, кибербуллинг пен цифрлық алаяқтық тақырыптарындағы тапсырмаларды орындады.

Әсіресе интернет арқылы бопсалау, дропперлік, есірткі айналымына тарту және мектептегі буллингке қатысты жағдаяттарға ерекше назар аударылды. Командалар мұндай жағдайларда заң аясында қалай әрекет ету керектігін талқылады.

Қатысушылардың білімін Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Мадина Джумадиева, қалалық полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімінің бастығы Руслан Сүлейменов және «Заң және тәртіп» бастамасының амбассадоры Жәмилә Бұламбаева бағалады.

Сайыс қорытындысы бойынша №2 және №7 мектептердің «Білгір» командасы бірінші орынды иеленді. Екінші орын №25 және №35 мектептердің «Сұңқар» командасына бұйырды. Ал Ж. Тәшенов атындағы мектеп пен №48 мектептің «Зерде» командасы үшінші орынға тұрақтады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, зияткерлік ойын балалар мен ата-аналардың құқықтық білімін арттыруға, отбасындағы өзара түсіністік пен жауапкершілікті нығайтуға бағытталған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодардың орталық жағалауында «Заң және тәртіп» бастамасы аясында балаларға құқықтық мәдениетті ойын арқылы түсіндіруге арналған «Тәртіпбек тәртіпке шақырады» отбасылық шарасы өткен болатын.