Павлодарлық бизнесмендерді қолдауға триллион теңге бағытталды

Павлодарлық бизнесмендерді қолдауға триллион теңге бағытталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Павлодар облысы бойынша бағдарламаларды ілгерілету жөніндегі бас менеджері Мадина Бәденова мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында бүгінге дейін он үш мыңнан астам жоба қаржыландырылып, оларға жалпы сомасы 966,5 миллиард теңге бағытталған. Тек биылғы он айда кәсіпкерлер 47,8 миллиард теңге көлемінде қолдау алды. 

Кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің негізгі құралдары — жеңілдетілген несие беру, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және несиеге кепілдік беру. Әсіресе кепілдік беру тетігі қажетті кепіл мүлкі жеткіліксіз кәсіпкерлер үшін маңызды мүмкіндік болып отыр.

- Біздің басты мақсатымыз — мемлекеттік қолдауды кәсіпкерлер үшін барынша қолжетімді ету. Бүгінде қор бизнесін дамытуға қаржы алуға, несие жүктемесін азайтуға немесе кепіл мүлкінің жеткіліксіздігі мәселесін шешуге мүмкіндік беретін бірнеше құрал ұсынады. Бұл өндірісін кеңейтуді, жаңа жабдық сатып алуды және қосымша жұмыс орындарын ашуды жоспарлаған кәсіпорындар үшін өте маңызды, — дейді Мадина Бәденова.

Кәсіпкерлерге арналған құралдардың бірі — шағын және микробизнес субъектілерін, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Іскер аймақ» бағдарламасы. Ол инвестициялық жобаларды қаржыландыруға және айналым қаражатын толықтыруға мүмкіндік береді. Бір кәсіпкерге берілетін несие сомасы екі жүз миллион теңгеге дейін жетеді. Бұл ретте мемлекет несие бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялайды.

Ал «Өрлеу» бағдарламасы өңдеу өнеркәсібі, туризм, IT және креативті индустрия салаларындағы кәсіпорындарды дамытуға бағытталған. Бағдарлама аясында жеті миллиард теңгеге дейін қаржы алуға болады. Қарыз алушы үшін түпкілікті пайыздық мөлшерлеме — 12,6 пайыз.

Қордың қолдауын пайдаланған кәсіпорындардың қатарында Павлодардағы радиаторлар мен орталық жылыту қазандықтарын өндіретін «Фирма «СНН» компаниясы бар. Кәсіпорын өндірісті дамыту үшін бес жүз миллион теңге көлемінде несие алып, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру тетіктерін пайдаланған.

Тағы бір мысал — қаптама материалдары мен полиэтилен пакеттерін өндіретін «Корпорация Европак» компаниясы. Кәсіпорын 189,2 миллион теңге көлемінде қаржыландыру алған.

Мемлекеттік қолдаудың экономикалық тиімділігі кәсіпорындардың дамуымен ғана шектелмейді. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес, 2015–2025 жылдары қолдау алған кәсіпорындар 13,9 триллион теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 798 миллиард теңге салық түсімін қамтамасыз еткен. Осы кезеңде 111 мыңнан астам жұмыс орны сақталып, он мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.

- Әрбір көрсеткіштің артында нақты кәсіпорындар, еңбек адамдары мен жүзеге асқан жобалар тұр. Біз үшін мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижеге жеткізуі маңызды. Бұл — отандық өндірісті дамыту, өңдеу саласын кеңейту, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңір экономикасын нығайту. Сондықтан кәсіпкерлердің қолданыстағы бағдарламалар туралы хабардар болып, өз жобасына сәйкес келетін қолдау тетігін пайдалана алғаны маңызды, — деп атап өтті Мадина Бәденова.

Осылайша, «Даму» қоры Павлодар облысында кәсіпкерлікті дамытудың маңызды қаржылық құралдарының бірі ретінде бизнеске өндірісті жаңғыртуға, жаңа жобаларды жүзеге асыруға және өңір экономикасының әлеуетін арттыруға мүмкіндік беріп келеді.