Павлодар жастары халықаралық волонтерлік қозғалысының бір бөлігі бола алады

Павлодар жастары халықаралық волонтерлік қозғалысының бір бөлігі бола алады
Фото: автор

Өңірде UNICEF халықаралық волонтерлік бағдарламасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Торайғыров университетінде өткен БҰҰ Балалар қорының (UNICEF) Қазақстандағы өкілдігінің «UNICEF ZHASTARY» халықаралық волонтерлік бағдарламасының өңірлік таныстырылымына облыстағы жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері, мектеп оқушылары және белсенді жастардан 200-ге жуық павлодарлық қатысты.

Таныстырылымның негізгі мақсаты – жастарды UNICEF қызметінің басым бағыттарымен және халықаралық волонтерлік бағдарламасының мүмкіндіктерімен таныстыру, олардың азаматтық белсенділігін арттыру әрі әлеуметтік маңызы бар бастамаларға қатысуын ынталандыру.

Іс-шара барысында UNICEF Қазақстан жастар бағдарламасының жетекшісі Ерсайын Қабдрашев бағдарлама жұмысы, волонтерлерге ұсынылатын мүмкіндіктер және жастардың балалар құқықтарын қорғауға қосатын үлесі туралы айтып берді.

Оның айтуынша, UNICEF жастарды тек қолдауды қажет ететін топ ретінде емес, қоғамдағы маңызды өзгерістердің серіктесі ретінде қарастырады. Сондықтан бағдарлама аясындағы волонтерлік жобалар балалардың құқықтарын қорғау, экология, психикалық денсаулық, зорлық-зомбылықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бағыттарын қамтиды.

– Біздің волонтерлік бағдарламамыз тек волонтерлікпен шектелмейді. Ол – ең алдымен, жастардың дамуына бағытталған. Бағдарлама аясында көшбасшылық, жобаларды әзірлеу және халықаралық ұйымдармен жұмыс істеу бойынша білім алуға мүмкіндік бар, – деді Ерсайын Қабдрашев.

Оның мәліметінше, 2025-2026 жылдары Қазақстан бойынша бағдарламаға 15 мыңнан астам волонтер қосылған. Осы уақыт аралығында UNICEF Қазақстан еліміздің алты қаласында волонтерлік хабтар ашқан. Олар Алматы, Астана, Ақтау, Шымкент, Көкшетау және Семей қалаларында орналасқан.

Павлодар өңірінде де бағдарламаны дамыту жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта ұйымдастырушылар Торайғыров университетімен ынтымақтастық орнатып, жергілікті әкімдікпен бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеу мәселесін талқылап жатыр.

Ерсайын Қабдрашев Павлодар жастарының белсенділігін атап өтіп, өңірде балалардың құқықтары, жастар саясаты, экология және психикалық денсаулық бағыттарында түрлі волонтерлік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар екенін жеткізді.

Павлодар педагогикалық университетінің студенті Аружан Қасабaева  UNICEF ұйымына жақында ғана қосылған. 

– Мен үшін бұл ұйым тек волонтерлікпен шектелмейді, сонымен қатар, тұлғалық даму, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және өзімді жаңа қырымнан тану алаңы. Бұған дейін мектеп қабырғасында балалармен жұмыс істейтін волонтерлік ұйымның мүшесі болдым. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көмектесіп, олардың оқуына қолдау көрсететінбіз. Сондықтан UNICEF-тің миссиясы маған өте жақын, – дейді ол. 

Айта кетерлігі, Павлодар облысы бойынша бағдарламаға тіркелген жастардың саны 256-ға жеткен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл көрсеткіш әлі де өсуі мүмкін, өйткені тіркелу жалғасып жатыр. 

Бағдарлама аясында ауыл жастарына да ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, UNICEF Jastary цифрлық платформасы арқылы жастар қашықтан волонтерлік тапсырмаларды орындап, нәтижесін платформаға жүктей алады. Бұл шалғай елді мекендердегі жастарға да халықаралық ұйымның бастамаларына қатысуға мүмкіндік береді.

Бағдарлама жетекшісі волонтерлік қызметке қызығушылығы бар, бірақ өзіне сенімсіз жастарға кеңесін берді. Оның айтуынша, жастар сұрақ қоюдан және көмек сұраудан ұялмауы керек. Себебі өзара қолдау мен тәжірибе алмасу – қоғамдық белсенділікті дамытудың маңызды бөлігі.