Ақмоладан Павлодарға келген ағайындылар әскери ант қабылдады

Ақмоладан Павлодарға келген ағайындылар әскери ант қабылдады
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Ағалы-інілі екеу алдағы бір жылын Ұлттық ұланның сапында өткізеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ұлттық ұланның 5512 әскери бөліміне Ерейментау қаласынан шақыртылған ағайынды Дінмұхамед пен Ерасыл Қалкендер күні кеше әскери ант қабылдады. Бүгінде жауынгерлік қаруға ие болған сарбаздарға алғаш болып шақырту Дінмұхамедке келген. Алайда өзінен екі жас кіші інісі Ерасыл ағасымен бірге Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуді жөн көрген. Бұл шешімді ата-анасы да қолдап, қос ұлын бір әскери бөлімге шығарып салған.

– Әскерге барған сарбазды кез келген ата-ана уайымдайды. Анамыз қайта-қайта уайымдамай, бір рет ғана уайымдайын, оның үстіне бір-бірлеріңе қамқор болып жүресіңдер деп бізді бірге жіберді. Ант қабылдау іс-шарасына ата-ана, туған-туыстардың барлығы келіп, бізге сәттілік тіледі. Біз Ұлттық ұлан сапында Павлодар қаласы тұрғындарының қауіпсіздігін қадағалаймыз. Ол үшін әскери бөлімде құқықтық сауаттылығымызды арттырып, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін меңгерудеміз, – дейді 5512 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі Дінмұхамед Қалкен.

Дінмұхамед пен Ерасылдың өмір жолы осы уақытқа дейін қатар өрілген. Екеуі мерзімді әскери қызметін өткергеннен кейін құқық қорғау саласында қызмет етуді жоспарлауда.Олар үшін бұл – тек азаматтық борыш емес, туған ел алдындағы жауапкершілікті бірге арқалаудың жарқын үлгісі. 

Айта кетейік, Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөліміне мерзімді әскери қызметін жаңа бастаған сарбаздар Абай, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарынан және  Астана қаласынан шақыртылған.

Еске сала кетейік, қазан айында Павлодар облысынан жас сарбаздар Алматы қаласындағы Райымбек батыр атындағы 38-ші арнайы мақсаттағы десанттық-шабуылдау бригадасында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды.