Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Павлодардағы әскери бөлімдердің жұмысымен танысты

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Павлодардағы әскери бөлімдердің жұмысымен танысты
Фото: Ұлттық ұланнан

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков Павлодарға жұмыс сапарымен келіп, 6679 және 5512 әскери бөлімдерінің қызметімен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сапар барысында Бас қолбасшы әскери бөлімдердің аумағын аралап, инфрақұрылымның жай-күйін және бөлімшелердің материалдық-техникалық жарақтандырылуын тексерді. Сондай-ақ әскери қызметшілердің қызмет өткеруі мен тұрмыс жағдайына ерекше назар аударылды.

Аңсаған Балтабеков сарбаздардың тамақтануын ұйымдастыру барысымен танысып, әскери бөлімнің асханасынан дәм татты. Бұдан бөлек, жеке құрамды киім-кешекпен қамтамасыз ету деңгейін және тыл бөлімшелерінің жұмысын бағалады.

Жұмыс сапары барысында Бас қолбасшы бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты пайдаланудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, әскери бөлімдердегі әрбір затқа ұқыпты қарап, қолда бар мүмкіндікті барынша тиімді пайдалану қажет. 

– Мемлекеттің дүниесі деп қарамау керек. Бұл – халықтың ақшасына келіп жатқан дүние, бюджеттен бөлінеді. Ал біз оны тиімді пайдалансақ ғана дұрыс деңгейге шығамыз. Қасықтан бастап, үлкен көліктер мен қару-жарақтарға дейін бәрін мақсатты пайдалана білуіміз керек. Бар дүниені жеке құрамға жеткізе білу шарт, – деді Аңсаған Балтабеков.

Бас қолбасшының айтуынша, бөлінген қаржы ең алдымен материалдық-техникалық базаны нығайтуға және әскери қызметшілерге тиісті жағдай жасауға бағытталуы тиіс. 

Сондай-ақ генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков жеке құраммен кездесіп, әскери қызметшілердің сұрақтарына жауап берді.

Сапар қорытындысында әскери инфрақұрылымды жаңғырту, материалдық-техникалық базаны нығайту және бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға бағытталған кешенді шаралар талқыланды.

Ұлттық ұлан қолбасшылығы әскери қызметшілерге қызмет өткеру мен күнделікті өміріне қолайлы заманауи жағдай жасау құқықтық тәртіп әскерін дамытудың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.