Павлодарда 80 жастағы әжей биік жардан құлап кетті

Павлодарда 80 жастағы әжей биік жардан құлап кетті
ЖИ иллюстрациялық суреті

Егде жастағы әйел Ертіс өзенінің бойымен серуендеп жүрген,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Оқиға 8 қараша күні орын алған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 112 пультіне Павлодар қаласы Ә.Бөкейхан көшесінде 1946 жылы туған тұрғынның жардан абайсызда төменге құлап кеткені туралы хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына ТЖМ құтқарушылары шұғыл жетіп, зардап шеккен әйелдің орналасқан жерін анықтап, құтқару жұмыстарына кірісті.

Жер бедерінің күрделілігі мен жардың биіктігін ескере отырып, әйелді эвакуациялау үшін альпинистік жабдықтар пайдаланылды.

Арнайы жабдықтар мен зембілді қолдана отырып, құтқарушылар әйелді шамамен 5 метр биіктіктен жоғары көтеріп, шығарды. Зардап шеккен әйел қауіпсіз жерге жеткізіліп, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, науқас қазіргі уақытта Павлодар қалалық №1 ауруханасының политравма бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Оған ми шайқалуы, дене жарақаттары, жамбас және ортан жілік сүйектерінің жабық сынуы диагноздары қойылған.

Ақ желеңділер әйелдің жағдайын ауыр, тұрақты деп бағалап отыр.