Екібастұзда 40-қа жуық мал ұрлады деген күдікпен төрт адам ұсталды
Күдіктілер бірнеше ай бойы тұрғындардың ұсақ малын ұрлап келген болуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктілердің жеке басын анықтады. Олардың барлығы Павлодар облысының тұрғындары болып шықты.
– Жедел-іздестіру іс-шараларының кешені барысында барлық күдіктінің жеке басы анықталды. Тінту жүргізу кезінде төрт бас ұсақ мал және қылмыс жасауға пайдаланылған өзге де заттар табылып, тәркіленді, – деді облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжанов.
Күдіктілерге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалып, олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Полицейлер ұсталғандардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Полиция өкілдері ауыл тұрғындары үшін мал негізгі табыс көздерінің бірі екенін атап өтті. Сондықтан ұрланған мүлікті қайтару және қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.