Екібастұздың басты саябағы қалай өзгерді?

Екібастұздың басты саябағы қалай өзгерді?
Фото: Константин Шелков

Павлодар облысындағы ең үлкен саябақты қайта жаңғырту жұмыстарының аралық нәтижесін қала тұрғындары көріп үлгерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

1950 жылдары қазіргі «Шахтер» саябағының орнында қаладағы алғашқы орман тәлімбағының негізі қаланған. Ал 1985 жылы осы аумақта саябақ ашылды. Оның жаңаруына 2023 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Екібастұзға жасаған сапары түрткі болды. Қала тұрғындарымен кездесуде ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов Мемлекет басшысынан саябақты абаттандыру жөнінде әкімдікке тапсырма беруді сұраған.

Саябақты қайта жаңғырту тұжырымдамасын әзірлеуге шамамен жарты жыл уақыт кеткен. Бұл жұмысқа Екібастұз тұрғындары да белсенді қатысты. Олар қаладағы танымал демалыс орнының болашағына қатысты өз ұсыныстарын айтып, белсенді және тыныш демалыс аймақтарын ұйымдастыруды жөн көрген. Осыған байланысты аттракциондар Екібастұздың 50 жылдығы атындағы скверге көшірілді. Бұл аумақты да жаңарту жоспарланып отыр.

«Шахтер» саябағын абаттандыруға екі жыл уақыт бөлінген. Қайта жаңғырту жұмыстарын «Гидропром» ЖШС мердігер ұйымы жүргізіп жатыр. Алдымен инженерлік желілер ретке келтіріліп, содан кейін жерүсті жұмыстары басталған.

– Биыл ауа райы жақсарған бойда, сәуірдің 20-сынан бастап жұмысты қарқынды жүргіздік. Саябақтың аумағы өте үлкен болғандықтан, оны екі бөлікке бөлуді ұйғардық. Алдымен «Ertis Promenade»-дегі сахнаға ұқсас, екі павильоны бар аумақты аяқтадық. Мұнда жазда концерттер де өтті, – деді «Гидропром» ЖШС директоры Дәурен Құсайынов.

Мердігер саябақтың алғашқы бөлігін екі айда аяқтап, пайдалануға тапсырған. Ескі әрі апатты аттракциондардың орнына заманауи жаяу жүргіншілер аллеялары, йога алаңдары, инклюзивті балалар ойын алаңы және аумағы 1350 шаршы метрді құрайтын кәсіби скейтпарк салынды. Сонымен қатар, саябақта жалға беруге арналған коммерциялық мақсаттағы бес модульдік ғимарат пен үш модульдік санитарлық торап қарастырылған. Мердігер олардың қатарына тағы бір санитарлық торап сатып алған.

– Саябақ тыныш демалыс аймағы ретінде жасалды. Сондықтан экостильді ұстанып, ағаш материалдарына басымдық бердік, – деді мердігер.

Ағаштан әткеншектер, сырғанақтар, баспалдақтар мен балалар ойын алаңдарының көпфункциялы кешендері жасалған. Сондай-ақ шолу төбесінің сәндік элементтері, орындықтар мен қоқыс жәшіктері де ағаштан әзірленген. Абаттандыру элементтері табиғи ландшафтпен үйлесім тапқан.

Жасыл желектерді мамандар тексергеннен кейін ауру ағаштар кесіліп, олардың орнына екі мыңға жуық жаңа көшет отырғызылған. Олардың қатарында жөке, шаған, қайың, шырша, қарағай және пирамидалы теректер бар.

– Көгалға 209 мың шаршы метр аумақ бөлінді. Алдымен жердің беткі қабаты қайта төселіп, кейін құнарлы топырақ әкелінді. Содан соң көгал тұқымы себілді. Саябақта Hunter автоматты суару жүйесі орнатылған. Ол әрқайсысының сыйымдылығы 300 текше метр болатын екі су қоймасы мен диаметрі әртүрлі 32 шақырым құбырдан тұрады, – деп нақтылады Дәурен Құсайынов.

«Шахтер» саябағында Жас жұбайлар мен түлектер алаңы, баскетбол және волейбол алаңдары, воркаут аймағы, балалар ойын алаңдары, жарықтандырылған құрғақ субұрқақ, иттерді серуендетуге арналған қоршалған 700 шаршы метрлік арнайы алаң да бар. Бұған қоса, шолу алаңы, пилондары және ирек жол түріндегі өрлеуі бар жасанды төбе салынған. Оның биігінен жаңарған саябақты тұтас көруге болады.

Жобаны әзірлеу кезінде жаңа әрі ауқымды «Түркістан» саябағының бірқатар идеясы да ескерілген. Олардың қатарында экостиль мен жасыл желектерді көбейту бағыты бар.

«Шахтер» саябағын қайта жаңғыртуға 7,2 млрд теңге бөлінді. Саябаққа 50-ге жуық шағын сәулет нысаны орнатылғаннан кейін, оны қараша айында таныстыру жоспарланып отыр.