Павлодарда ондаған жаңа ветеринариялық нысан салынады

Павлодарда ондаған жаңа ветеринариялық нысан салынады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл бұл мақсатқа 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ветеринария саласын дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Бес жылға, яғни 2026–2030 жылдарға арналған құжатта ветеринариялық бақылаудың бытыраңқы моделінен бірыңғай, технологиялық жүйеге толық көшу көзделген. Бұл жүйе биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жоспарда ветеринария мамандарының жалақысын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және елдегі ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту қарастырылған.

Құжатқа сәйкес, 2030 жылға дейін ветеринариялық қызметтер мен зертханалардың материалдық-техникалық базасы 80%-ға жаңартылады. Павлодар облысында бұл жұмыс қазірдің өзінде қолға алынған. Әсіресе, мал шаруашылығы жақсы дамыған Ертіс, Баянауыл, Павлодар аудандары мен Аққулы ауданында ветеринариялық инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріліп отыр.

– Биыл 88 ветеринариялық нысан салынды. Оның ішінде Баянауыл, Тереңкөл ауданында және Екібастұздың ауылдық аймағында жалпы құны 90 миллион теңге болатын үш ветеринариялық станция, сондай-ақ 1 миллиард 110 миллион теңгеге 37 ветеринариялық пункт бар, – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Асылтас Тлеубаев.

Келесі жылы өңірдегі ветеринариялық нысандарға деген қажеттілікті толық өтеу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, тағы төрт ветеринариялық станция, 34 ветеринариялық пункт және 46 мал қорымын салу көзделген. Ветеринариялық станциялар Ертіс, Май және Успен аудандарында бой көтереді. Бұл мақсатқа мемлекет тарапынан 2,2 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Өңірдегі ветеринария саласында кадр мәселесі де кешенді түрде шешімін тауып келеді.

– Бұл бағытта жас мамандарды даярлау, мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру, ауылдағы жұмыстың тартымдылығын арттыру және ветеринариялық бөлімшелердің материалдық-техникалық базасын нығайту арқылы жұмыс жүргіздік, – деді Асылтас Тлеубаев.

Ведомство бейінді жоғары оқу орындары мен колледждермен бірлесіп жұмыс істейді. Студенттерге өндірістік практикадан өтуге мүмкіндік беріліп, жас мамандарға көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй беру мәселесі қарастырылуда.

– Ауылдағы жұмысты жас мамандар үшін тартымды етіп, сонымен қатар тәжірибелі ветеринар дәрігерлерді ұстап қалуға мүмкіндік беретін жағдай жасауға тырысып жатырмыз, – деді басқарма басшысы.

Ветеринария мамандарының негізгі міндеттерінің бірі – ауыл шаруашылығы жануарларына вакцинация жүргізу. Вакцинация ірі және ұсақ малға, жылқыға, шошқаға, түйеге, сондай-ақ үй құстарына жасалады. Жануарларға аса қауіпті сегіз ауруға қарсы екпе егіледі. Олар: құтыру, аусыл, түйе обасы, сібір жарасы, эмфизематозды карбункул (эмкар), ринопневмония, нодулярлық дерматит және құстардың жоғары патогенді тұмауы.

Қазіргі таңда вакцинация жоспары 80%-дан астам орындалды.