Павлодар перинаталдық орталығында эксперттік кластағы жаңа аппарат орнатылды
Ол ұрық патологияларын ерте диагностикалаудың жаңа мүмкіндіктерін ашады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық перинаталдық орталығы болашақ аналар мен сәбилерге көрсетілетін медициналық көмектің және диагностиканың сапасын арттыру мақсатында медициналық жабдықтарын жаңартып, заманауи технологияларды енгізуді жалғастыруда.
Жақында орталықта пренаталдық диагностика мүмкіндіктерін кеңейтетін Voluson Signature 20 атты жаңа ультрадыбыстық зерттеу аппараты орнатылды. Бұл — эксперттік кластағы заманауи құрылғы.
Аппарат жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған. Ол мамандарға ұрықтың дамуындағы ықтимал ақаулар мен хромосомалық маркерлерді анықтауға көмектеседі. Кескіннің жоғары ажыратымдылығы, сондай-ақ 3D және 4D режимдері анатомиялық құрылымдарды егжей-тегжейлі көруге және қалыпты көрсеткіштерден ауытқуларды дер кезінде байқауға мүмкіндік береді.
Жаңа аппарат гинекологиялық зерттеулер жүргізу мүмкіндіктерін де кеңейтеді. Атап айтқанда, ол фолликулдардың санын және көлемін автоматты түрде анықтай алады. Бұл бедеулікке байланысты тексерілетін және экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) процедураларына дайындалып жүрген пациенттер үшін аса маңызды. Сонымен қатар заманауи 3D/4D трансвагиналды датчик қосымша диагностикалық мүмкіндіктер береді.
– Жаңа аппарат ұрықтың жағдайын егжей-тегжейлі бағалауға, стандартты екіөлшемді зерттеу кезінде үнемі көріне бермейтін құрылымдарды визуализациялауға және ықтимал патологиялардың белгілерін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл біздің диагностикалық мүмкіндіктерімізді едәуір кеңейтеді, – дейді перинаталдық орталықтың ультрадыбыстық диагностика дәрігері, эндокринолог, Павлодар облысының пренаталдық ультрадыбыстық диагностика жөніндегі штаттан тыс маманы Светлана Литвинова.
Маманның кәсіби еңбек өтілі – 18 жыл. Ол Қазақстанда және шетелдерде әріптестерінің озық тәжірибесін зерделей отырып, біліктілігін тұрақты түрде арттырып келеді.
Айта кетейік, перинаталдық орталықтың материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Жақында мұнда зертханалық диагностиканың мүмкіндіктерін кеңейтетін заманауи эксперттік кластағы автоматты биохимиялық анализатор да орнатылды.
Жаңа жабдық облыс әкімінің ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін нығайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында облыстық бюджет есебінен сатып алынды.
Перинаталдық орталықты заманауи диагностикалық жүйелермен кезең-кезеңімен жабдықтау тексеру сапасын арттыруға, ықтимал қауіптерді анықтау дәлдігін жақсартуға және әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге уақтылы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.