Ертіс ауданының автошебері жөндеуіндегі өзге адамның көлігімен жол апатына түсті
Оның үстінен көлік иесі шағым түсірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Ол жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін автошеберге тапсырған темір тұлпарын бөгде адамның заңсыз пайдаланып кеткенін хабарлаған.
Анықталғандай, шебер автокөлікті жөндеп болған соң, алкогольдік масаң күйде көлік құралын басқарған. Нәтижесінде ол көлік тізгініне ие бола алмай, автокөлікті аударып алған.
Аталған дерек бойынша автокөлікті немесе өзге де көлік құралын заңсыз иелену (айдап әкету) фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Белгілі болғандай, шебердің көлік жүргізуге арналған құжаты жоқ.
Бұдан бөлек, сот шешімімен оған 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Тәртіп сақшылары, көлік құралын жөндеу үшін тапсыру оның иесінің келісімінсіз жеке мақсатта пайдалануға рұқсат бермейтінін ескертеді.