Аяғы бетон плитаның арасына қысылған павлодарлық баланың жағдайы белгілі болды
Құтқарушылар 13 жастағы балаға дер кезінде көмекке барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 112 пультіне 2013 жылы туған балаға көмек көрсету қажеттігі туралы хабарлама келіп түскен. Баланың аяғы бетон плитасының астында қысылып қалған.
Оқиға орнына жеткен ТЖМ қызметкерлері дереу авариялық-құтқару жұмыстарына кірісіп, гидравликалық авариялық-құтқару құралын пайдалана отырып баланы бетон плитасының арасынан босатты.
Зардап шеккен бала жедел жәрдем көлігіне жеткізіліп, медицина қызметкерлеріне тапсырылған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, бала тобық буынын соғып алу жарақатымен аймақтық балалар ауруханасының травматологиялық пунктіне жеткізілген.
Тексеру және рентгенологиялық зерттеу нәтижесінде баланы ауруханаға жатқызуға негіз жоқ екені анықталды. Жасөспірім қазіргі таңда тұрғылықты жері бойынша травматолог дәрігердің бақылауында.
Еске сала кетейік, 8 қараша күні Павлодарда 80 жастағы әжей биік жардан құлап кетті. Оған ми шайқалуы, дене жарақаттары, жамбас және ортан жілік сүйектерінің жабық сынуы диагноздары қойылған.
Ақ желеңділер әйелдің жағдайын ауыр, тұрақты деп бағалап отыр.