Павлодар АЭА-дағы тазарту жүйесінің құрылысы кейінге шегерілді
Құрылыс басқармасындағылар бұл қадамның себебін айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар арнайы экономикалық аймағындағы (АЭА) шаруашылық-тұрмыстық ағын суларды тазарту құрылысы жобасын іске асыру мерзімі қаржыландырудың болмауына байланысты кейінге шегерілді. Бұл туралы Павлодар облысы құрылыс басқармасының басшысы Асқар Әжмұрат мәлімдеді.
Оның айтуынша, нысанның құрылыс дайындығы 90 пайызды құрайды. Алайда қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілмей жатыр. Жобаны аяқтау мерзімінің ауысуына қаржының бөлінбеуі себеп болған.
Сонымен қатар өңірде бірқатар құрылыс жобалары жалғасуда. Жыл басынан бері Ақсу қаласындағы өткел галереясы мен Екібастұз қаласына қарасты академик Әлкей Марғұлан ауылындағы медициналық пункт пайдалануға берілді.
Білім беру саласында Павлодар қаласының «Усолка» шағын ауданында 1200 орындық мектептің құрылысы жалғасуда. Нысанның дайындығы 50 пайызды құрайды. Сондай-ақ Лермонтов көшесі, 93 мекенжайындағы Ақпараттық технологиялар колледжі жатақханасын қайта жаңғырту жұмыстарының дайындық деңгейі – 40 пайыз. Май ауданындағы Саты ауылындағы медициналық пункттің құрылысы 65 пайызға аяқталған.
Ал Павлодар ауданындағы Луганск ауылындағы дәрігерлік амбулатория, Успен ауданындағы Қоңырөзек ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт және Павлодар АЭА инженерлік инфрақұрылымының бірқатар нысандары бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары әлі басталған жоқ.
Асқар Әжмұраттың айтуынша, бөлінген бюджеттік қаражат бекітілген қаржыландыру жоспарына сәйкес толық игерілуде.