Павлодар облысында қасқырларды атуға рұқсат беріледі
Дегенмен оның өзіндік шарттары бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Соңғы рет 2020 жылы Ақсу қаласында қасқыр тектес ит тұрғын үйге кіріп, полиция жабайы жануарға оқ атқан.
Қасқыр халықтың денсаулығын, ауыл шаруашылығы және басқа да үй жануарларының ауруларынан қорғау, қоршаған ортаға зиян келтірмеу, ауыл шаруашылығы қызметіне елеулі залал келтіру қаупінің алдын алу мақсатында саны реттелуге жататын жануарлар түрлерінің тізбесіне кіреді.
15 қаңтардан бастап қасқыр, шибөрі аулауға рұқсат алу мүмкіндігі қолжетімді болады.
– Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Ұлытау облыстарында рұқсат тек үй жануарларына шабуыл жасалғаны тіркелген жағдайда немесе қаңғыбас аңдардың елді мекендер аумағына кіргені туралы дәлелдер болған жағдайда ғана беріледі, – деді инспекцияда.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Сәуле Мухансаликованың айтуынша, қасқыр популяциясы реттелуге жатады, алайда толық жойылмайды.
– Есептік деректер бойынша Павлодар облысында қасқыр негізінен Баянауыл және Май аудандарында мекендейді, сондай-ақ, Аққулы, Шарбақты аудандары және Екібастұз қаласында шағын топпен тұрады. 2024 жылы табиғатты қорғау ұйымдары мен аңшылық шаруашылықтарының есептеуі бойынша 249 қасқыр бар екенін анықтады, – деді Сәуле Мухансаликова.
Жыртқыш аңның саны 2023 мен 2022 жылдары 196, ал 2021 жылы 224 болған.
Бақылаусыз ату нәтижесінде саны тез азайып бара жатқан облыстарда – Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстанда қасқырларды ату 10 пайызға дейін шектелді. Бұл ретте жергілікті тұрғындарға қасқырлардың малға шабуыл жасаған немесе елді мекендерге кіруі тіркелген куәліктерін көрсеткен кезде ғана атуға рұқсат етіледі. Қасқырды шамадан тыс ату экологиялық процестердің бұзылуына әкелуі мүмкін.
– Облыста 2021 жылдан бері қасқырлардың малға шабуыл жасау немесе елді мекендерге кіруі туралы шағымдар құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдардан инспекцияға түскен жоқ. Осыған байланысты қасқырдың санын реттеуге рұқсат беру туралы өтініштерге дәлелді бас тарту туралы ұйғарымдар берілді,– деді Сәуле Мухансаликова.
Оның сөзінше, соңғы рет жыртқыш аңнын елді мекенге кіру фактісі Ақсу қаласында тіркелген болатын.
– Бір тұрғын үйінде қасқыр тектес ит ұстаған. Жануар иесінен қашып, Ақсудағы тұрғын үйдің подъездіне кіріп кеткен. Полицейлер мекенжайға жеткен кезде, қасқыр тектес иттің қоршаған ортаға қауіпті екенін алға тартып, оқ атқан болатын, – деді Сәуле Мухансаликова.
Қасқырлар ең қауіпті ауру – құтырудың тасымалдаушысы болып табылады. Жылы айларда сау қасқыр ешқашан адамға шабуыл жасамайды, бірақ құтырудан зардап шеккен жануарлар елді мекендерге қорықпай кіріп, адамдарға шабуыл жасай алады. Құтырудан басқа, қасқыр сақина құрты, трихиноз, эхинококкоз, қазіргі уақытта африкалық оба және т. б. таралу көзі болып табылады.