Жасыбайдағы байланыс өрлей түспек

Павлодар – Астана тас жолы бойында да сенімді интернет пен ұялы байланыс қолжетімді болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында Павлодар облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин елді мекендерді сапалы байланыс және мобильді интернетпен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Бүгінде облыста интернет пен ұялы байланысқа қосылмаған шалғайдағы жеті ауыл бар.
– Жалпы, елді мекендерді интернетке қосу екі бағытта жүзеге асырылады: операторлары «Қазақтелеком» және «Транстелеком» болып табылатын «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша және ұялы байланыс операторларының «Activ», «Kcell» және «Tele2» лицензиялық міндеттемелері бойынша. 2024 жылы облыстағы 112 ауылға талшықты-оптикалық байланыс тартылды. Облыстың шалғай ауылдарындағы 128 мектеп интернетке қосылды, – деді Ағыбай Әмірин.
Қалған 42 мектеп жаңа оқу жылының басында жаһандық желіге қосылады, бұл үшін 25 миллион теңге қажет. Асайын Байханов экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қажетті қаражатты тауып, қаражатты келесі нақтылау кезінде бюджетке енгізуді тапсырды. Осылайша, облыстағы барлық мектептер жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі.
– Алыста орналасқан шағын ауылдар бар: трассадан шалғай, онда интернет пен ұялы байланыс болмаса, бұл ауылдардың тұрғындары қандай қиын жағдайда қалады. Мысалы, Баянауыл ауданындағы Қызылшілік, Біржанкөл, Ертіс ауданындағы Қызылқақ ауылдарын алайық. Барлық ауылдарды сапалы интернетпен, ұялы байланыспен қамтамасыз ете алмайтынымыз анық, бірақ орталық усадьба дейді ғой – ауылдық округтердің орталықтары толығымен қамтылуы тиіс. Бұл барлық мектептерге де қатысты, – деді аймақ басшысы.
2025-2026 жылдар аралығында Жасыбай көлінің курорттық аймағында байланыс нығайтылады. «Қазақтелеком» АҚ курорттық аймаққа кіре берістегі полиция бөлімшесіне жылжымалы бекет орнатты. Жасыбайдың өзіне келер болсақ, «Kcell» көл айналасындағы тауларға антенналық діңгек құрылымын орнататын болады, ал осындай антенналар «Tele2» қолдауымен «Березовая роща» және «Атабаян» демалыс орталықтарында пайда болады.
Пограничник және Бозшакөл ауылдары арасындағы Павлодар – Астана тас жолының бойында «Kcell» 4G станциясын орнатты. Алдағы жылдары республикалық маңызы бар жолдарда да коммуникациялар нығайтылып, 12 «әлсіз жер» анықталып, антенналар салуға жобалық-сметалық құжаттамаға тапсырыс берілген.