Қытайлық компания павлодарлық зауытқа миллиардтаған қаражат құймақшы

Қытайлық компания павлодарлық зауытқа миллиардтаған қаражат құймақшы
Фото: Валерий Бугаев

Өңірде катализаторлар өңдіру зауытын құру жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

24 ақпан күні облыс әкімі Асайын Байханов қытайлық «Rezel Catalysts Corporation» компаниясымен және «КМХ-Катализаторы» ЖШС-мен кездесті.

– Кездесу барысында «КМХ-Катализаторы» ЖШС бас директоры Самат Ордабай өңір басшысына катализаторлар мен адсорбенттердің қытайлық жетекші және әлемдік өндірушісі, мұнай өңдеу процестерінің әртүрлі лицензиясына ие, сондай-ақ мұнай-химия саласында табысты әрі инновациялық компаниялардың бірі саналатын «Rezel Catalysts Corporation» компаниясын таныстырды. Қытайлық компания 45 тұрақты жұмыс орнын құрып, жылына 10 000 тонна FCC-катализатор шығаруға 12 миллиард теңге инвестициялауға дайын, – деді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы Асайын Байханов әлеуетті инвесторларды қолдап, каталитикалық жүйелер есебінен отандық мұнай өңдеу кәсіпорындарында қайта өңдеу маржасының айтарлықтай артатынын атап өтті.

Кездесуде «Rezel Catalysts Corporation» директорлар кеңесінің төрағасы – бас директоры Чжоу Жуншэн «Rezel» компаниясының озық технологияларын, оның ішінде ауыр металдарға төзімді технологиямен сирек кездесетін элементтері жоғары Ү-цеолитін пайдалануын таныстырды. Сондай-ақ, көмір химиясына инновациялық технологияларды енгізу мәселелері бірлесіп талқыланды.

Кездесу өңір әкімдігі, «Павлодар» АЭА басқарушы компаниясы АҚ, «Rezel Catalysts Corporation» және «КМХ-Катализаторы» ЖШС арасында инвестициялық жобаны іске асыру туралы меморандумға қол қоюмен аяқталды.