Президент үкіметке экономикалық өсімге назар аударуды тапсырды

Президент үкіметке экономикалық өсімге назар аударуды тапсырды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы инфляцияны бақылауда ұстаудың маңыздылығын ерекше атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан соңғы жылдары бәсекелестік артықшылықтарын толық ашуға, жаңа экономикалық мүмкіндіктер табуға, инвестиция тартуға және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталғанын алға тартты. Оның сөзінше, бағаның өсуіне жол беру халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық күш-жігерді жоққа шығарады.

– Жолдауда инфляцияның шарықтауына жол беруге болмайтынын айттым. Өйткені инфляция азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық шешім мен әрекетті жоққа шығарады. Бұл орайда өте қатаң бюджет тәртібін орнатпаса болмайды. Қаржы тек ішкі жалпы өнімнің өсуіне, Қазақстанның әлемдік аренада лайықты орнын алуына ықпал ететін басым жобалар мен бағдарламаларға ғана жұмсалуы тиіс, – деді ол.

Президент ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша импортқа тәуелділік әлі де жоғары екенін айтты.

– Импорт өте көп. Ол көзге анық көрініп тұр. Бірқатар тауар номенклатурасы бойынша сырттан келетін өнімге тым тәуелдіміз. Қазақстанда бұған жол беруге болмайды. Оның үстіне биыл мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына 1 триллион теңге қолдау жасалды. Бұл — рекордтық көрсеткіш. Ал еліміз шығаратын өнім көлемі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 8,5 триллион теңгеге бағаланды, –  деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент «Парыз» байқауы аясындағы кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігіне тоқталды. Оның айтуынша, биыл қатысушылар әртүрлі қайырымдылық жобаларына 37 миллиард теңгеден астам қаражат бөлген.