Павлодар облысының Құрметті азаматы: Шаруа шынықтырды, еңбек есейтті
Бөкен Қызғарин – Ертіс-Баян аймағы үшін атағы мен абыройы асқан үлкен кісілердің бірі – Қазақ КСРО Социалистік Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз» орденінің иегері, Павлодар облысының Құрметті азаматы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
1941 жылы маусым айында Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл кеңшарының Зеленая роща бөлімшесінде туған Бөкен Қызғариннің балалық шағы балалықпен емес, ересек адамдармен қатар, еңбек майданында күреспен өткен.
– Ақкөл ауылы жұмысшы жастар орта мектебін бітіріп, 15 жасымда кеңшарда жұмыс істей бастадым. 1955 жылы мектеп бітірген жылы жұмысқа шақырды, бастапқыда әртүрлі жұмыс істеп жүрдім. 1957 жылы трактор жүргізушісі курсын оқып бітірдім. Содан кейін бригаданың басына апарып, жер жыртып, егін егуге салды. Ол кезде небары 16-17 жаста ғанамын. Күн-түн демей жұмыс істейміз. Ұйықтап, демалу деген болмайды. Тіпті, тракторда отырып ұйықтап кетіп, сайын далаға кетіп қалған кездерім де болған. Содан әкем зейнетке шығуға таяғанда кеңшардан бір отар саулық мал алып, қой бағуға кірістік. Осылайша, 1958-1979 жылдар аралығында 20 жылға жуық уақыт үзбей қой бақтым, – дейді ақсақал.
Оның айтуынша, алғашында жұмыс қиындау болған, жүзінен сексен, тоқсан қозы алып бастап, көрсеткішті жылда-жылда жоғарылата берген. Осылайша аз уақытта қой төлдетудің әдіс-тәсілін жақсылап меңгеріп, жүзден асырып қозы ала бастаған. Соның нәтижесінде аудан көлемінде үздік шопан атағын алған екен.
Аймақтағы Социалистік Еңбек Ері атағын алған санаулы адамның бірі болған Бөкен Қызғарин мұндай атақ-дәреже, мадақ-марапаттардың барлығына жастайынан жеткенін айтады.
– Оның барлығы – бала күнімнен төгілген маңдай терімнің өтеуі. 1962-63 жылдары Куйбышев ауданы ауыл шаруашылығы механизация училищесінде бір жыл оқып бітірдім. Сол жылы аудандық кеңеске депутат болып сайландым. 1965 жылы партия қатарына өткізді. Ол кезде 100 қойдан 105 қозы алып жүрген кезім, еңбегім де жоғары бағалана бастады. Тіпті, 130-140-қа дейін алған кездерім болды. Осы жылдары жұмыс барысындағы жақсы көрсеткішім үшін көптеген марапаттарға ие болдым. 1973 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағына ие болдым. Ол кезде небары 32 жаста ғана едім, – деп еске алады ол.
Облыста қой санының артуына, қой шаруашылығының дамуына айтарлықтай үлес қосқан ақсақал қой шаруашылығы жұмысын жоғары деңгейде меңгеруіне әкесі көп ықпал еткенін айтады.
– Алғаш бір отар қойды қабылдап алған кезде: «Қойдың тілі жоқ демесең, бұлар да адам сияқты, дұрыстап қарау керек» дейтін. Содан бар ынта-ықыласыммен кірістім. Ол кезде әр қойға 15-20 тиын төлейді. Сол алған ақымыз бойымызға адалынан бұйырсын деп қадап айтатын әкем. Ол кісі өте адал, шыншыл әрі өз жұмысына тиянақты қарайтын адам еді. Мені де солай тәрбиеледі. Малдың жайына өте ұқыпты қарауды үйретті, бабын келтіріп бағуға кеңес берді. Таң атпай өргізіп, ыстыққа ұрындырмай өріске шығарып бағатынбыз. Жалпы, менің ұстазым да, профессорым да, академигім де әкем еді, – дейді Бөкен Қызғарин.
Қария баққан отардан 100 қойдан 140 қозыға дейін алған. Оның айтуынша, қой егіз табу үшін жазда жақсылап семірту керек. Қой семіз болған сайын екіден, үштен, тіпті төрттен табатындар бар. Жалпы, меринос қойы көп егіз табады. Ал оның әрбір төлін аман сақтап қалу да оңай шаруа емес.