Павлодар облысында көліктер үшін мұз өткелдері әлі жабық
Құтқарушылар мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Ақылбек Баяхметов айтып берді.
– Ертіс өзенінің бойындағы мұздың қалыңдығы енді ғана қалыптаса бастады. Орташа есеппен 20-30 сантиметрді құрайды. Қазірдің өзінде адамдар мұз үстінде жаяу жүре алады, алайда көліктер үшін өткелдер әлі де жабық, – деді Ақылбек Баяхметов.
Оның сөзінше, мұздың қалыңдығы Павлодарда – 25, Ақсуда – 20, Ақтоғайда – 20, Железинде – 20-30, Ертіс ауданында – 20 сантиметрді құрайды. Тереңкөл, Май, Аққулы аудандарында мұз тек жағалауында ғана қатқан.
– Еріктілер мен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар жүргіземіз. Адамдардың мұз үстінде болғанын байқаған жағдайда оларға тек ескерту жасап, ережелерді сақтауға шақырамыз. Күшпен ешкімді сол мұз үстінен жағаға шығара алмаймыз, – деп атап өтті спикер.
Еске сала кетейік, облыста жолдарды күтіп ұстауға тиісті шаралар қолданылды. Қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларды жою үшін тартылатын азаматтық қорғау қызметтері мен құралдарының жалпы құрамы айқындалды.