Павлодар облысында көне ауылдың орны табылды
Ескі ауылдың орны картаға түсіріліп, табылған жәдігерлер музейге жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Баянауылдың әулиелі Қызылтау өңірінде 1922-1928 жылдары үзбей жұмыс істеп тұрған Жүсіпбек Аймауытовтың ықпалымен ашылған «Мәдени кіндік» білім беру кешенінің сұлбасының таныстырылымы өтті.
- Бір жыл бұрын «Алашордалықтардың ізімен» деген экспедициямен шығып жүрміз. Алаш ордалықтарға қатысты кітаптар, тың деректер таптық. Биыл Баянауыл өңіріне арнайы шықтық. Өйткені келесі жылы Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдық мерейтойына осы күннен бастап дайындық жүргізіп жатырмыз. Музейімізде қаншама жәдігерлер сақталып тұр. Көзі тірі кезінде 1925 жылы Қызылордадан шыққан Қартқожа романының түпнұсқасы сақталған. Жүсіпбек Аймауытовтың кезінде 1921 жылдары Баянауыл ауданында «Мәдени кіндікті» ауылы көтерілген. Ең басты мақсаты – сол жердегі балаларға білім беру, аш-жалаңаш балалардың басын қосу. Ағартушы бастамашыл болғанымен, сол өңірдегі байлардың барлығына көмектесіп, күнделікті тамағын, жататын орындарын көтерген екен. Сол жерлердің барлығын зерттеп, сызбаға түсірдік. Ол жерде арнайы мектеп, қойма, қыздар және ұлдар жатақханасы жеке көрсетілген. Ауылдың орнынан есік тоспасы табылды.1940 жылдары соғыстың алдында түбегейлі қиратылып, жойылып кеткен. Бұған бір себеп алашордалықтардың ұясы деген ой. Біздегі мақсат – бүгінгі күні барлығын қағазға түсіріп, мұрағатта қалмай, кешегі қазақтың болашағын ойлаған арыстардың қалдырған тарихи орындарына тасқа жазу қалдыруымыз керек. Бұл болашағымыз үшін. Қазірде музейдің ғылыми қызметкері Әділбек Әмренов Семей қаласының мұрағатында «Мәдени кіндік» бойынша, жалпы Жүсіпбек Аймауытов жайында жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта жаңалықтар болса, елге хабарлайтын боламыз, - деді Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры Ербол Каиров.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкерлері бастаған топ «Мәдени кіндік» ауылы орналасқан аумақты спутниктік карта арқылы тауып, жер бедерін, кезіндегі ғимараттардың орналасу ретін белгіледі. Қылқалам шебері, мүсінші Рысбек Стыбаев өлкетанушы Рамазан Нұрғалиевтің айтуы бойынша ауылдағы ғимараттардың шағын макет-кескіндерін дайындап, 2 апта көлемінде ауылдың үлгілік сұлбасын жасап шықты.
«Мәдени кіндік» сұлбасын таныстыру жиынында ауылдың орнын зерттеген өлкетанушы Рамазан Нұрғалиев шешілуі тиіс 4 бағытты атап көрсетті. Ол «Мәдени кіндікке» белгітас орнату (кейін мүмкін болып жатса айналасын қоршау), Жүсіпбектің ата-бабасы, туысқандары жатқан зират маңайының қоршауын дұрыстау, тұлғаның туған жерінде 1989 жылы орнатылған белгітасты ретке келтіру. Сонымен қатар, аудан орталығындағы ескерткішін жаңарту жайлы айтты.
Шара барысында Жүсіпбек Аймауытовтан мұра боп қалған жәдігерлерден көрме ұйымдастырылады. Көрмеде Жүсіпбек ұстаған Құран кітап тұңғыш рет көпшілік назарына ұсынылмақ. Бұл кітап шамамен 1911-1912 жылдары хазірет Әбілдә Исабекұлы салдырып, бала оқытқан мешіт-медресе орнынан табылған. Ж.Аймауытов осы медреседе сауатын ашқан.
Фото: Аяулым Толегенова