Павлодар облысында жол апатынан 10 айлық сәби жарақат алды

Екі күнде өңірде 11 жол апаты тіркелді, бірнеше адам зардап шекті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ең ірі апат 10 тамыз күні таңғы сағат 5:43-те Павлодар – Семей трассасында, Шарбақты ауылынан 8 шақырым жерде болды. Трассада екі жеңіл автокөлік бетпе-бет соқтығысып, оқиға салдарынан алты адам зардап шекті. Оқиға орнына екі жедел жәрдем бригадасы және апаттар медицинасы орталығының тобы жіберілді. 37 және 61 жастағы екі ер адам ауруханаға жатқызудан бас тартты. Ал 38 жастағы әйел, 10 айлық қыз және 9 бен 16 жастағы екі ұл бала Аққулы аудандық ауруханасына жеткізілді.
– Бір кездері біз Павлодар облысындағы барлық негізгі трассаларды 50 шақырымдық учаскелерге бөліп қойғанбыз. Бұл қай жерде апат болса да, оқиға орнына тез жету үшін жасалған. Павлодар – Семей трассасындағы апат кезінде бір бригада Шарбақтыдан, екіншісі Аққулыдан жөнелтілді. Осылайша көмек дер кезінде көрсетілді, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко.
8 тамыз кешінде Кенжекөл ауылы маңында жеңіл автокөлік пен «ГАЗель» соқтығысып, салдарынан 3 жастағы ұл бала мен 39 жастағы әйел зардап шекті. Екеуі де ауруханаға жатқызылды.
9 тамызда Екібастұзда Пішенбаев көшесіндегі жанармай бекеті маңында жаяу жүргіншіні көлік қағып кетті. 1953 жылы туған ер адам жабық бас-ми жарақатын және бел жарақатын алып, Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді.