Павлодарлықтар «ақылды таразы» арқылы денсаулығын тексере алады

Павлодарлықтар «ақылды таразы» арқылы денсаулығын тексере алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыс орталығында алғаш рет қант диабетінің алдын алуға арналған акция өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

13 қарашада Павлодар облыстық кардиологиялық орталықта қант диабеті туралы ақпараттандыру күніне орай акция өтеді. Қатысушылар дене құрамын арнайы «ақылды таразы» арқылы тексеріп, бірнеше медициналық көрсеткішті тегін анықтай алады. 

Акция барысында биоимпеданстық талдау жүргізіледі. Бұл әдіс денедегі май, бұлшықет және су мөлшерін анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, келушілердің қан қысымы мен бел шеңбері өлшеніп, қандағы глюкоза деңгейі тексеріледі. Шараға Қант диабетімен ауыратындар қоғамының төрағасы да қатысады.

Ұйымдастырушылар акцияға келгендерге жеміс-жидек ұсынуды жоспарлап отыр.

Мамандардың айтуынша, денсаулыққа күтім жасау ауру белгілері пайда болғаннан кейін емес, алдын ала тексеріліп, ағзадағы өзгерістерді бақылаудан басталады.

Акция 13 қараша күні, сағат 09:00-ден 12:00-ге дейін Павлодар облыстық кардиологиялық орталығында (Ткачев көшесі, 10/3) өтеді.  Акцияға қатысу тегін.