Павлодар облысында ойын-сауық орындары маңындағы тәртіпке ерекше назар аударылуда

Павлодар облысында  ойын-сауық орындары маңындағы тәртіпке ерекше назар аударылуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде демалыс және мереке күндері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында полиция күшейтілген режимде қызмет атқаруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін облыс орталығында қосымша полиция жасақтары мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жұмылдырылды.

Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қуаныш Мұстафиновтың айтуынша, рейдтік іс-шаралар көшелерде және қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

– Ерекше бақылауға демалыс және ойын-сауық орындары алынды. Облыс бойынша 40 кафе мен бар, оның ішінде Павлодар қаласында құқық бұзушылықтар жиі тіркелетін 28 ойын-сауық мекемесі тұрақты бақылауда тұр, – деді ол. 

Сонымен қатар Ұлттық ұланның әскери қызметшілері полициямен бірлесіп көшелерде, саябақтарда және адамдар көп жиналатын орындарда патрульдеу жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде.

Полицияның мәліметінше, күшейтілген патрульдеу мен жедел қабылданған профилактикалық шаралардың нәтижесінде ойын-сауық орындары маңындағы және қала көшелеріндегі жедел жағдай жақсарып, ахуал тұрақты бақылауда.

Тәртіп сақшылары тұрғындарды қоғамдық орындарда тәртіп сақтауға, ойын-сауық орындарында мәдениетті демалуға, жанжал мен арандатушылықтарға жол бермеуге шақырады. Сондай-ақ күмәнді адамдарды немесе құқық бұзушылықтарды байқаса, бірден «102» арнасына хабарлауды сұрайды.