Павлодарда алтын өңдейтін комбинатқа ірі жабдықтар жеткізіле бастады

Павлодарда алтын өңдейтін комбинатқа ірі жабдықтар жеткізіле бастады
Фото: @sez.pv

Тасымалдау өзен портынан «Павлодар» арнайы экономикалық аймағына үш кезеңмен жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Павлодар» арнайы экономикалық аймағының мәліметінше, «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС құрамында алтыны бар жоғары көміртекті сульфидті концентраттарды қайта өңдеу жобасын жүзеге асыруды жалғастырып жатыр.

4 қазанда өзен портынан болашақ кәсіпорынның аумағына ірі габаритті жабдықтарды тасымалдау басталды. Жеткізу жұмыстары 4, 6 және 8 қазанға жоспарланған.

– Тасымалдаудың 4 қазандағы алғашқы кезеңі штаттық режимде, оқыс оқиғаларсыз өтті, – деп хабарлады арнайы экономикалық аймақта.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 978 миллион АҚШ долларын құрайды. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 500-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Бұл жоба аясында Павлодарға бұған дейін де бірегей ірі жабдық жеткізілген. Болашақ комбинаттың негізгі технологиялық жабдықтарының бірі – концентраттан алтын алуға арналған автоклав Антверпеннен шығып, Обь шығанағы мен Омбы арқылы өзен жолымен Павлодарға жеткен.

Комбинат жылына 300 мың тоннаға дейін алтын құрамды концентратты өңдеуге есептелген. Жобада автоклавты тотықтыру технологиясы қолданылады.