Павлодар облысында топ болып мал ұрлағандардың үшеуі қамауға алынды
Жалпы, ағымдағы жылы облыс бойынша елуден астам мал ұрлығы фактісі тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір аумағында мал ұрлығының алдын алу және оған жол бермеу мақсатында «Мал ұрлаушы» жедел-алдын алу іс-шарасы белсенді жүргізілуде. Полиция қызметкерлері рейдтік жұмыстарды күшейтіп, нәтижесінде биыл ұрланған 252 бас мал заңды иелеріне қайтарылды.
Аймақтық прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында полиция Май ауданында тіркелген мал ұрлығына қатысты екі дерек бойынша тоғыз күдіктіні анықтап, ұстады. Олардың үшеуі қамауға алынды, қалғандарына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
– Алдын ала деректерге сәйкес, күдіктілер 2024 және 2025 жылдардың күз айларында алдын ала сөз байласып, топ құрамында еркін жайылымнан 29 бас ірі қара мал қара және жеті бас жылқыны ұрлаған. Кейін оларды бөліп, етін сатып жіберген. Осылайша мал иелеріне 18 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірген, – деді Криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.
Ведомство іс бойынша объективті тергеу жүргізу мақсатында барлық қажетті тергеу әрекеттерінің атқарылып жатқанын, оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында толық анықталатынын атап өтті.
Ағымдағы жылы Павлодар облысы аумағында 52 мал ұрлығы фактісі тіркелген.
Мал ұрлығын болдырмау мақсатында полиция ветеринариялық қызметпен бірлесіп, мал мен ет өнімдерін тасымалдау бойынша тұрақты тексерістер жүргізуде. Мамандар жайылымдарды, иесіз малдарды, сондай-ақ сауда орындарын, базарларды, мал сою пункттерін және мал мен етті тасымалдайтын көлік құралдарын тексеруде.
Тексеріс кезінде мал айналымының заңдылығын растайтын құжаттарға және ветеринариялық нормалардың сақталуына ерекше назар аударылады.