Павлодарда полиция түнгі автожарыстың жолын кесті

Тәртіп сақшылары жүргізушілерге жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауды және рұқсатсыз жарыстарға қатыспауға шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оңтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әуежай ауданында рейд жүргізді. Себебі бұл жерде жас жүргізушілердің түнгі уақытта жоғары жылдамдықпен жарыс өткізетіні туралы қала тұрғындарынан шағымдар түскен.
– Әуежай маңында сағат 22:00-ден кейін жастар көліктерімен жарысып, қатты жылдамдықпен жүретінін айтып, тұрғындар хабарласты. Осындай мазасыз қоңыраулар 102 нөміріне бірнеше рет түсті. Полиция қызметкерлері оқиға орнына дереу барып, құқық бұзушылықтарды тоқтатты. Нәтижесінде бірнеше жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды, – деді облыстық полиция департаментінде.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтап, заңсыз автожарыстарға қатыспауға және жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін қауіпті әрекеттер жасамауға кеңес береді. Сондай-ақ, полиция тұрғындарға белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс айтып, құқық бұзушылықтарға бей-жай қарамауға шақырды.