Сайлау: Павлодарда кандидаттарға мемлекеттен қанша қаржы жұмсалатыны белгілі болды
Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттардағы орынға кандидаттардың сайлауалды жұмыстарына республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнәр Аманжолованың айтуынша, мемлекет тарапынан қаржы бірмандатты орындарға кандидат атанғандарға ғана бөлінеді. Ал, партиялық тізім бойынша кандидаттарға мұндай қаржы бөлінбейді.
– Бұл бойынша қаулы кеше шықты. Мәжіліс депутаттығына кандидаттарға 950 мың теңге қаржы бөлінеді, – деді Гүлнәр Аманжолова.
Аталған 950 мың теңгенің 450 мыңы – телеарналар мен радиоларға шығуға, мерзімді немесе желідегі басылымдарда 2 мақала жариялауға, 300 мыңы – сайалуалды көпшілікке арналған шараларға, 200 мыңы көлік шығындарына жұмсалады.
Облыстық мәслихаттың кандидаттарына 550 мың теңге белгіленген. Ол да жоғарыдағы тәртіппен 350-130-70 мың теңге болып бөлінеді.
Ал, қалалық және аудандық мәслихаттардың кандидаттарына 350 мың теңге белгіленген. Ол да тиісінше тәртіппен 200-100-50 мың теңге болып бөлінеді.
Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысынан Мәжіліске кімдер кандидат екенін хабарлаған болатынбыз.
Фото: Константин Шелков