«Жылу қайдан келеді?»: Павлодарлық мектеп оқушылары ЖЭО жұмысын ішінен көрді

«Жылу қайдан келеді?»: Павлодарлық мектеп оқушылары ЖЭО жұмысын ішінен көрді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл шара балалардың инженерлік мамандықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, №11 орта мектептің сегізінші сынып оқушылары үшінші жылу-электр орталығына барып қайтты. Мұнда балалар жылу және электр энергиясын өндіру үдерісімен танысып, павлодарлықтардың үйлеріне ыстық су мен жылудың қалай түсетінін және осы процестерді кім басқаратынын білді.

– Балалар менен жылу мен жарық біздің үйлерге қалай түсетінін, орталықтың қайда орналасқандығы туралы жиі сұрайтын. Бүгін бізге өндіріс процесі көрсетіліп, энергетиктердің жұмысымен жеке танысу мүмкіндігі берілді, – деп бөлісті 8 «Г» сыныбының сынып жетекшісі Әсем Қайырбаева.

Балалар электр және жылу энергиясын өндірудің негізгі буындары – турбиналық, қазандық және химиялық цехтарды аралады. Олар энергетиктердің басқару қалқандарында автоматтандырылған жүйелерді қолдана отырып, күрделі процестерді қалай тізгіндейтінін өз көздерімен көрді.

– Мен бұл нысанның соншалықты ауқымды болады деп ойламадым. Бұл өте күрделі жұмыс. Әрине, қазіргі уақытта жаңа технологиялардың арқасында көп нәрсе компьютерлермен басқарылады, бірақ оны меңгеру үшін терең білім қажет екенін түсіндім, – деп әсерімен бөлісті 8-сынып оқушысы Кирилл Копылов.

Сондай-ақ, экскурсия барысында оқушылар №73 орталық жылу пунктіне барды. Онда «Павлодар жылу желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Сергей Панихин станциядан шыққан жылудың пәтерлерге жеткенше қандай жолдан өтетіні және оның тиімділігі қалай сақталатыны туралы егжей-тегжейлі айтып берді.