Павлодарда құрылыс алаңында плита құлап, адамдар зардап шекті

Павлодарда құрылыс алаңында плита құлап, адамдар зардап шекті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тағы бір адам іздестірілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 112 пультіне хабарлама Казправда көшесіндегі құрылыс алаңынан түскен. Алдын ала деректер бойынша, үйінді астында 1967 жылы туған ер адам болуы мүмкін.

– Оқиға орнына жедел түрде жеке құрамның 20-ға жуық қызметкері мен 6 техника бірлігі жетті. Құтқарушылар тепловизоры бар пилотсыз ұшу аппаратын пайдаланып, үйінділерді барлау және талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жергілікті жерде жедел штаб құрылып, құтқарушылар қиын әрі қауіпті жағдайда жұмысын жалғастыруда, – делінген хабарламада.

Жедел жәрдем станциясының дерегінше, шақыру 17:04-те түскен. Оқиға орнына жедел жәрдем бригадалары мен Апаттар медицинасы орталығының мамандары жіберілген.

– Алдын ала ақпаратқа сәйкес, бір адам үйінді астында қалған, тағы екі адам орташа ауыр жарақаттармен Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілуде, – деп хабарлады станцияның баспасөз қызметі.

Полиция департаменті аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің «Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу басталды. Тергеу департамент басшылығының бақылауында.