Павлодар еңбекқорлықтың елшісі ретінде танылды

«Жас еңбеккер – ел үміті» форумында еңбек адамының беделі мен жас ұрпақты еңбекке баулу мәселесі сөз болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жұмысшы мамандықтар жылы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған бұл шара жастарды еңбекке тарту мен қарапайым еңбек иелеріне деген құрметті қалыптастыру жөніндегі ұсыныстар мен ой алмасудың диалог алаңына айналды. Форумға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, жұмысшы жастар, мемлекеттік органдар мен кәсіпорын басшылары, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, жазғы еңбек жобасына қатысушы оқушылар мен олардың ата-аналары қатысты.
Марат Әзілханов өз сөзінде Павлодарда еңбекке және қол еңбегімен айналысатын адамдарға деген ерекше құрмет пен еңбек мәдениеті қалыптасқанын атап өтті.
– Павлодарға келген сайын ең бірінші көзге түсетіні – қаланың тазалығы мен ұқыптылығы. Бұл – жай ғана тәртіп емес, павлодарлықтардың қарапайым еңбекке деген көзқарасы мен жауапкершілігінің айнасы. «Таза Қазақстан» ұғымын осы өңірдің тұрғындары арқылы түсінуге болады. Бұл – елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Қолымен де, жүрегімен де еңбек ететін жандарға құрмет – жұмысшы мамандықтар жылындағы басты мақсаттардың бірі, – деді ол.
Форумда жастарды ерте жастан еңбекке баулудың нақты мысалдары айтылды. Соның ішінде жоғарғы сынып оқушыларына арналған жазғы еңбек жобасы ерекше аталды.
– Бұл – еліміз бойынша баламасы жоқ ерекше жоба. Мыңдаған павлодарлық жасөспірімдер алғашқы еңбек дағдыларын меңгеруде. Жалақы да маңызды, бірақ ең бастысы – бұл еңбек арқылы қалыптасатын тәрбие мен өмірге дайындық мектебі. Осы тәжірибені басқа өңірлерге де тарата алсақ дейміз. Қазір бұл мәселе күн тәртібінде. Біз жобаның болашағына сенеміз, – деді Марат Әзілханов.
Қазақстандағы орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының төрағасы Владимир Божко да жастардың еңбекке ерте араласуының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Павлодар кәсіпорындары жазда оқушыларға жұмыс істеуге мүмкіндік жасап, өмірлік маңызды дағдыларды меңгеруге жағдай жасап отыр.
Сондай-ақ Божко агросалада 60 мыңнан астам маман – агроном, зоотехник, ветеринар жетіспейтінін, жұмыс істеп жүрген мамандардың орта жасы 49-да екенін, ал олардың орнын басатын жаңа буынды дайындау барған сайын қиындай түскенін айтты. Осы тұрғыда жұмысшы мамандықтар жылындағы жобалар аса өзекті.
Оның айтуынша, салалық министрліктер кәсіпорындарда ашық есік күндерін өткізіп, мектеп оқушыларына мамандықты саналы түрде таңдауға көмектесіп жатыр. «Бір мектеп – бір дағды» жобасы аясында тәжірибелі мамандармен бірге жұмыс істейтін күндер мен колледждер базасында екі мың оқушыны оқыту жоспарланған.
Форумда облыстық филиал төрағасы Владимир Берковский жобаның құрылуы мен маңызын баяндап, оны мәслихат сессиясында мақұлдап барып жүзеге асырғандарын айтты. Жазғы кезеңде 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылса, соның 9 мыңнан астамы – арнайы білімді талап етпейтін, бизнес-сектор ұсынған бос орындар. Ең төменгі жалақы – 85 мың теңгеден жоғары. Оның пікірінше, бұл жоба тек табыс емес, еңбекке деген құрметті тәрбиелеудің де жолы.
Евгеньевка ауылынан келген Еркебұлан Тіленшин жазда жергілікті шаруа қожалығында еңбек еткен. Ол күніне 12 мың теңгеге дейін табыс тауып, мектеп формасы мен оқу құралдарын өз қаражатына сатып алған.
– Қазір құрылысшылар бригадасында жұмыс істеймін. Көкөніс сақтау қоймасын салып жатырмыз. Үлкендерден көп нәрсе үйреніп жүрмін. Барынша көмектесуге тырысамын. Физикалық тұрғыдан да шынығып жатырмын. Отбасыма көмектесіп, бюджетке үлес қосып, ақша басқаруды үйреніп жүрмін, – деді ол.
Жобаға қатысқан оқушылардың ата-аналары да оң пікір білдірді. Төрт баланың анасы Бибігүл Жанбекова ұлы Алишердің өзгергенін айтып қуанды.
– Алишер еңбек етіп қана қоймай, ересектермен тіл табысуды, жауапкершілікті сезінуді, командада жұмыс істеуді үйренді. Еңбектің бағасын түсінді. Оқу жылына қажеттінің бәрін өзі сатып алды, бізден көмек сұрамады, – деді ол.
Форум аясында жастарды жұмысқа қабылдаған жұмыс берушілерге алғыс хаттар табысталды.
Сондай-ақ өндірістік кәсіпорындар жанынан «Ассамблея жастары» республикалық бірлестігінің бөлімшелерін құру ұсынылды. Белсенділерді ҚХА президиумы мен Ассамблеяның мақсаттары жөніндегі кеңес құрамына енгізу жоспарланып отыр. Жобаның жұмыс атауы – «Еңбек Ассамблеясы». Форумда айтылған идеяларды ел көлемінде жүзеге асыру көзделуде.