Павлодар облысының екі ауданында су тасқынына тиісті деңгейде дайындалмаған
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста облыс әкімінің орынбасары Хасар Хабылбеков мәлім етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
– Екі ауданда дайындық шаралары тиісті деңгейде жүргізілмеген. Павлодар ауданының Рождественка ауылының кіреберісінде қосымша су құбыры, Май ауданының Көктөбе ауылында су бұру құбыры орнатылмаған және су бұру траншеясы өткізілмеген. Сондай-ақ қардың еріген су басуы қаупі Баянауыл ауданының Ащысу өзені бойындағы елді мекенге төніп тұр. Мұнда бес гидробекет бар. Мұндай гидробекеттер Ақтоғай ауданы Шолақсор ауылындағы Сілеті өзенінің бойында да орнатылады. Су басу қаупі бар орындарға инженерлік техникалар қойылған, – деді Хасар Хабылбеков.
Оның айтуынша, елді мекендерден 713 мыңнан астам тонна қар шығарылған. Қар басқан 1270 су өткізу құбыры мен автомобиль жолдарын, барлық құбырды 20 наурызға дейін тазалау жоспарланып отыр. 26 мың тоннадан астам интертті материал, 105 тонна жанар-жағармай, 658 техника, ТЖ департаменті мердігерлік ұйымдарының 1700 маманы дайындалған. Сондай-ақ бюджеттен төтенше жағдайды жоюға қаржы қарастырылған.
– Бүгінгі таңда облыста қардың орташа қалыңдығы 17 сантиметрді құрайды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен сәйкес келеді. Жауын-шашын көлемі нормадан 11 пайызға жоғары. Бұған қоса, жердің қатып қалуы былтырмен салыстырғанда 16 сантиметрге немесе 12 процентке артық. Бұл сынап бағаны күрт көтерілгенде қарқынды дамуына және еріген қар суының артуына әкеледі. Ақпан айының үшінші онкүндігінде ылғалды қар түрінде жауын-шашын күтіледі. Былтырғы сараптамаға сүйенетін болсақ, 43 елді мекен бақылауға алынды, – деді Хасар Хабылбеков.
Облыс әкімі Асайн Байханов Павлодар ауданындағы Рождественка мен Даниловка ауылдарындағы дайындық шаралары туралы сұрады.
Николай Дычконың сөзінше, Рождественка - Красиловка тас жолының бойына 100 метрлік үйінді орнатылып, екі су өткізгіш құбыр жабдықталған. Жақында тағы біреуі теміржол өткелінің жанына орнатылады. Конкурс жарияланып, барлық қажетті құрал-жабдықтар дайындалған. Сондай-ақ ауыл аумағында су тасқынына қарсы оқу-жаттығулар өткізу жоспарлануда. Даниловкада да зерттеу жүргізілді: қарды кеуіп қалған көлдерге шығару жоспарлануда.
– Былтыр Рождественка ауылын су басқаны белгілі. Сіздің алдыңыздағы әкім тиісті жұмыс атқармаған. Қар шығару кезінде қателікке жол берілген. Бұл – мердігердің қателігі. Қар полигоны жиналып қалу салдарынан су ауылға кірген, – деді Асайын Байханов.
Естеріңізге сала кетейік, облыс орталығында қар шығару жұмыстарын тәулік бойы жүргізу тапсырылған болатын.