Балаларға ойын алаңы, мектепке жөндеу: Ақсуда әлеуметтік жобалар қарқын алды

Шаһар басшысы қала және ауыл тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жоспарлар жөнінде кеңінен баяндалды.
Болатбек Шәріповтің айтуынша, 2025 жылы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Атап айтқанда, жеті ауылдық елді мекен мен Ақсу шағын ауданына кіреберіс жолдарға (жалпы ұзындығы 9,3 шақырым) күрделі жөндеу жүргізілген. Сонымен қатар, Сарышығанақ ауылында ішкі жолдарға орташа жөндеу жасалып, көше жарығы қалпына келтірілді.
Қаладағы №3, 5 және 8 шағын аудандарда жылу жүйелері жаңартылып жатыр. Бұдан бөлек, 16 аула абаттандырылып, балаларға арналған заманауи ойын алаңдары салынуда.
– Білім беру саласында да ауқымды жұмыстар қолға алынған. «Асыл бөбек» балабақшасы мен Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепке күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл жұмыс ғимараттардың ішкі-сыртқы келбетін жаңартуды, инженерлік желілерді жақсартуды және мектеп ауласын ретке келтіруді қамтиды, – деді шаһар басшысы.
Кездесу соңында Болатбек Шәріпов тұрғындарды жеке қабылдап, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Азаматтардың бірқатар өтініштері бойынша нақты жағдайды зерделеу үшін әкім оқиға орындарына барып, жергілікті мәселелермен танысты.