Шарбақтыдағы құс фабрикасында тауықтар азайды
Кәсіпорындағы жұмырқа өндірісі екі еседен астам қысқарған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігіндегі өңірдің қаңтар айындағы экономикалық даму нәтижелері туралы аппараттық жиынында айтылды.
Қаңтар айында облыста экономиканың барлық салалары бойынша жалпы көрсеткіш артқан. Алайда, кейбір аудандар тиісті жоспарды орындай алмай отыр.
Облыс әкімі Асайын Байханов агроөнеркәсіп саласы бойынша жоспарды орындамаған жалғыз аудан – Шарбақты ауданы екенін атап өтті. Аудан басшылығына жағдайды күнделікті бақылауға алуды тапсырды.
Аудан әкімі Әзілхан Әбеуов бұл салада жоспардың орындалмауына «Шарбақты-құс» ЖШС-дегі жұмыртқа көлемінің азаюы себеп болғанын айтты.
– Нақтырақ айтсақ жұмыртқа өндірісі 62,2 пайызға төмендеді. Былтырғы уақытта 4,6 миллион жұмырта шығарылса, осы қаңтарда 2,8 миллион жұмыртқа өндірілді. Жұмыртқаның төмендеуі тауықтардың азаюына байланысты. Тауықтардың азаюына жем мен қоспалардың құнының өсуі әкеліп отыр. Бұл мәселеге қатысты жұмыстар атқарылып жатыр. Осы ақпан айының аяғына дейін 100 пайызға жеткізу жоспарланған, – деді Әзілхан Әбеуов.
Сонымен қатар, жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук қаңтарда өңірімізге 20 млрд теңге инвестиция тартылғанын атап өтті. Бұл – өткен жылғы сәйкес кезеңнен 1,5 есеге артық.
Облыс әкімі барлық қалалар мен аудандар әкімдеріне өз деңгейлерінде инвестиция тарту керек екенін айтты.
– Бұл жай статистикалық көрсеткіш емес, бұл күнделікті жұмыс. Басты мақсатымыз – жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамту. Сондықтан әкімдер халықты жұмыспен қамтуды күнделікті басты жұмысы ретінде қабылдауы керек, – деді Асайын Байханов.
Сондай-ақ облыс әкімі кәсіпкерлік басқармасына аудан және қала әкімдерімен бірлесіп, алдағы екі жылға инвестиция тарту жоспарларын ұсынуды тапсырды.
Оразбек Саяхат
Фото: Константин Шелков