Қазақстан мен Түркия стратегиялық ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтерді

Тараптар екіжақты сауда айналымын 15 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздеп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Президентінің ресми сайты таратқан мәліметке сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-ші отырысын өткізді.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Түркияның ежелден бауырлас, тамырлас және түбі бір туысқан ел екенін атап өтіп, қазақ-түрік ынтымақтастығы ортақ тарихи және рухани құндылықтарға негізделгенін, әрі кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында тұрақты дамып келе жатқанын айтты.
– Біз осы сара жолды жалғастырып, өзара байланысты бүгінгіден де биік белеске көтеруге мүдделіміз. Құрметті Президент мырза, өзіңізбен жаңа ғана шағын құрамда өткізген келіссөздерді жоғары бағалаймын. Біз ықпалдастығымызды кеңейтуге ниетіміз бар екенін тағы да бекемдей түстік. Оған біздің мүмкіндігіміз де, ынта-жігеріміз де жеткілікті. Екі елдің арасында ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Атап айтқанда, алпыстан астам екіжақты шарттар мен келісімдер бар. Бүгін де бірқатар екіжақты келісімге қол қойылады, – деді Мемлекет басшысы.
Кеңесте өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту мәселесі талқыланды. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 5 миллиард долларды құраған. Бұл көрсеткішті бірнеше есеге арттыруға толық мүмкіндік бар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Түркия нарығына кемінде 34 түрлі өнім жеткізуге дайын. Жалпы құны – шамамен 1 миллиард доллар. Сондай-ақ Түркиядан келетін тауарлардың көлемін де арттыру қажет екені айтылды.
Тараптар тауар айналымын ұлғайтуда көлік-логистика саласының маңызы зор екенін атап өтті. Осы ретте Мемлекет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын айтып, заманауи теміржол, құрлықтағы порттар, жүк терминалдарын салу және кеме өндірісі жобаларына түрік инвестициясын тартуға Қазақстан мүдделі екенін жеткізді.
Президенттің айтуынша, Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін жағдай жасау мақсатында ауқымды реформалар жүргізілуде. Еліміз ашық әрі сенімді серіктес ретінде түрік инвесторларын қолдауға әрқашан дайын.
Кеңесте энергетика саласындағы ықпалдастық жайы да сөз болды. Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы экспорт көлемін арттыру мәселесі қаралды. Мемлекет басшысы түрік компанияларын энергия тапшылығын жоюға бағытталған жобаларға белсене қатысуға шақырды. «ҚазМұнайГаз» бен Turkiye Petroleum арасындағы әріптестіктің жемісті болатынына сенім білдірді.
Жаңа Салық кодексінде шикізатты терең өңдеуге ынталандыратын роялти тәртібі енгізілгені айтылды. Қазақстан түрік инвесторларына бірлескен қор құру арқылы тау-кен және табиғи ресурстар саласындағы жобаларды бірлесе жүзеге асыруды ұсынды.
Ауыл шаруашылығында да ынтымақтастық кеңейіп келеді. Қазақстанда өндірілетін дәнді-дақылдың 25 пайызы, мақтаның үштен бірі және дән желімшесінің 26 пайызы Түркияға экспортталады. Түрік кәсіпкерлерінің қатысуымен ауыл шаруашылығында құны 1,3 миллиард доллар болатын 23 инвестициялық жоба қолға алынған, оның 18-і іске қосылған.
Сонымен қатар тараптар қорғаныс өнеркәсібі, ІТ, жасанды интеллект, қаржы, азаматтық авиация, мәдениет, білім, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы ықпалдастық жайын талқылады. Жақын арада Астана мен Алматыда «Маариф» қорының екі мектебі және Түркияның жетекші университеттерінің филиалдары ашылады.
ҚР Президентінің тапсырмасымен Түркияда жер сілкінісі болған Газиантеп провинциясында жаңа мектептің құрылысы басталды. Оқу орны 2025 жылы пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ, туризмді дамыту мақсатында Қазақстан Түркия азаматтарына елімізде 90 күнге дейін визасыз болуға мүмкіндік беретін шешім қабылдады.
Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевты «Екінші отаныңызға қош келдіңіз» деп құрмет көрсетті. Сонымен қатар Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойымен құттықтады.
– Біз Қазақстанмен арадағы ынтымақтастыққа ерекше мән береміз. Бүгінде екі ел арасындағы байланыстар стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Осы оң серпінді сауда-саттық, қорғаныс өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм және мәдениет салаларында одан әрі тереңдетуді мақсат етіп отырмыз. Қазақстан – атамекеніміздегі ең ірі сауда серіктесіміз. Сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізу үшін жұмысымызды жалғастырамыз, – деді Түркия Президенті.
Кеңес отырысында Қазақстан тарапынан Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Түркия тарапынан Сыртқы істер министрі Хакан Фидан баяндама жасады.
Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан мен Түркия арасында Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің шешімі мен Бірлескен декларация қабылданып, 18 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды.