Ақтоғайда әлеуметтік нысандардағы жөндеу жұмыстары тексерілді

Ауылдарға аудан әкімі арнайы барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қаршыға Арынов жұмыс сапары аясында Мүткенов ауылына барып, мұнда жүргізіліп жатқан ауылдық мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.
– Қазіргі уақытта ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Терезелер ауыстырылып, санитарлық тораптар орнатылуда. Барлық жөндеу жұмыстарын биылғы жылдың тамыз айында аяқтау жоспарлануда, – дейді аудан басшысы.
Сондай-ақ, Естай ауылына кіреберіс жолының орташа жөндеу жұмыстары тексерілді. Жөнделіп жатқан жол учаскесінің ұзындығы – 1,1 шақырым. Жұмысты орындаушы мердігер ұйым – «B&S 2017» ЖШС. Жөндеу жұмыстары 2025 жылғы шілде айында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, әкім Қ. Ыдырысов атындағы орта мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Бүгінде шатырды ауыстыру жұмыстары толық аяқталып, кабинеттер мен фойеде кафель төсеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары жалғасуда. Мердігер ұйым жөндеу жұмыстарын 15 тамызға дейін толық аяқтайтынын мәлімдеді.