Павлодар оқушылары түрлі мамандықтарды VR арқылы меңгере алады

Биыл жеті заманауи кабинет ашылады, олар техникалық және қолданбалы дағдыларды дамытуға бағытталған құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала мектептерінде Жұмысшы мамандықтар жылы аясында оқушыларды еңбекке баулуға арналған «Еңбек HUB» заманауи кабинеттерін құру жобасы іске қосылды.
– Жоспар бойынша барлығы жеті кабинет ашылады. Бұл кабинеттер оқушыларға практикалық және техникалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін заманауи құрал-жабдықтармен және құралдармен жабдықталмақ. Жобаның негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, оқушылардың қолданбалы қызмет түрлеріне деген қызығушылығын дамыту және ерте кәсіптік бағдар беру, – деді қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметі.
Ведомствода атап өткендей, бұл бастама аясында Павлодар түсті металлургия колледжімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылады.
– Бұл қадам мектептер мен кәсіптік оқу орындарының күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік береді. Жобаның ерекшелігі – VR-технологияларымен жабдықталған кабинеттің ашылуы. Мұнда оқушылар виртуалды форматта дәнекерлеуші, мұнара кран машинисі, аспаз, дизайнер және басқа да мамандықтарды сынап көре алады, – делінген хабарламада.
«Еңбек HUB» оқушылардың практикалық дағдыларын қалыптастыру, инженерлік ойлауын дамыту және еңбекке деген құрметін арттыру үшін маңызды алаңға айналмақ.