Павлодарда есірткіге тәуелділікпен күрес қалай жүргізілуде?

Павлодарда есірткіге тәуелділікпен күрес қалай жүргізілуде?
Константин Шелковтың фотосы

Былтыр есепте тұрғандар саны 1854 адам болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 1782 адамға дейін төмендеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығының психиатр дәрігері, психотерапеві Асанәлі Сушенов тәуелділік тақырыбын қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі деп санайды. Оның айтуынша, бұл дерт тек медицинаға ғана емес, бүкіл қоғамға тікелей қатысы бар.

– Біз тәуелділікті әлсіздік немесе ерік-жігердің жоқтығы деп қабылдамауымыз керек. Тәуелділік бұл созылмалы, қайталанбалы ми ауруы, ол адамның ойлау жүйесіне, мотивациясына және мінез-құлқына әсер етеді, – дейді маман.

Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығының деректеріне сүйенсек, есірткіге тәуелді азаматтардың ресми саны азайған.

– 2024 жылы есепте тұрғандар саны 1854 адам болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 1782 адамға дейін төмендеген. Олардың ішінде 119 әйел және үш кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, есірткі таратумен айналысатындардың басым бөлігі 18 бен 39 жас аралығындағы жұмыссыз азаматтар, – дейді Павлодар облысы полиция департаменттінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл жөніндегі басқарма бөлімінің бастығы Ирина Тимиргалиева. 

Асанәлі Сушеновтың айтуынша, тәуелділік – ең алдымен биологиялық негізі бар дерт. Психоактивті заттарды қолдану кезінде мидағы дофамин мен серотониннің бөлінуі бұзылып, адамда уақытша «рахат сезімі» пайда болады.

– Бұл эйфория миға ұнап қалады. Сол сезімді қайталау үшін адам доза мөлшерін көбейте бастайды. Нәтижесінде мидағы мотивация мен бақылау жүйесі бұзылады, ал адам өзінің әрекетін басқара алмай қалады, – дейді дәрігер.

Оның айтуынша, жасөспірімдер тәуелділікке тез ұшырайды. Себебі олардың мидың жауапкершілікке жауап беретін лобтық бөлігі әлі толық жетілмеген. Сондықтан олар бір рет байқап көруден ештеңе болмайды деп ойлап, қауіпті жолға түседі.

Мұндай әрекет ауыр қылмыс саналады.

– ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша, есірткі құралдарын заңсыз сақтау, тасымалдау және сату: бес жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыруды, ал аса ірі көлемде немесе ұйымдасқан топ құрамында жасалса 15 жылдан 20 жылға дейін қатаң жаза қолданылатынын көздейді. Жаза мерзімі көп болғанымен, басты мәселе тек жылдарда емес. Адам еркіндігін, уақытын, болашағын жоғалтады. Сол себепті жастарды сақтандыру бәріміздің ортақ міндетіміз, – деп атап өтті Ирина Тимиргалиева. 

Асанәлі Сушеновтың сөзінше, тәуелділіктің жиі көрініс табуының бір себебі ретінде депрессия, мазасыздық және жарақаттан кейінгі күйзеліс синдромын атап өтті.

– Көптеген адамдар ішімдік немесе есірткіні өз уайымын басу үшін қолданады. Бірақ бұл уақытша жеңілдік береді. Кейін ағза бұрынғы әсерді бермей қояды, адам дозаны арттыра береді. Осылайша психикалық дерт тәуелділікке айналады, – дейді маман.

Дәрігердің айтуынша, тәуелділіктен арылу тек дәрімен немесе әңгімемен шектелмейді. Бұл үш кезеңнен тұратын кешенді ем. 

– Олар: медикаментозды коррекция – ағзаны уыттан тазарту, физикалық жағдайды тұрақтандыру, келесі кезеңде психотерапиялық кезең адамның ойлау, мінез-құлық ерекшеліктерімен жұмыс істеу, және соңғысы әлеуметтік оңалту өмірге бейімдеу, қоғамға қайта оралу, – деді дәрігер. 

Психиатрдың айтуынша, бүгінде көптеген адамдар жеке клиникаларға жүгінеді. Бірақ олардың кейбірі қаржылық табысқа көбірек бағытталған.

– Біздің елде тәуелділікті емдеудің тегін мемлекеттік бағдарламасы бар. Ол үш кезеңнен тұрады және 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде 20 мыңнан астам адам емделіп шықты, олардың әр төртіншісі әлі де жақсы өмір сүруде, – дейді дәрігер.

Сонымен қатар, маман халық арасында жиі айтылатын «учетқа қояды» деген қорқыныштың негізсіз екенін айтты.

– Қазір «есепке алу» деген ұғым жоқ, тек динамикалық бақылау бар. Яғни адам өз еркімен емделуге келсе, оны ешкім күштеп тіркемейді. Сондықтан ата-аналар мен жастар көмек сұраудан қорықпауы керек, – деді ол.

Орталықта науқастар кем дегенде екі айдан бір жылға дейін ем алады. Ал толық үш кезеңнен өткендерде қайта тәуелділікке түсу қаупі бірнеше есе азаяды.

Павлодардағы орталықта бүгінде ондаған пациент ем қабылдап, жақсы нәтиже көрсетуде.