Павлодарлық жас ақын айтыс өнеріне қалай келгені жайлы айтып берді (ВИДЕО)
М.Катаев атындағы Оқушылар сарайында айтыскер-ақын Нұрбек Бәкірмен кездесу өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталмыш кездесу «Табысқа апарар жол» және «Төрт тоқсан – төрт өнер» ұлттық мәдени-ағартушылық жобасы аясында ұйымдастырылды. Шара Оқушылар сарайының «Мұрагер» және «Еркемай» домбыра ұжымдарының ән-күйлерінен басталды.
Кездесуге Оқушылар сарайы «Қаламгер» студиясының тәрбиеленушілері, Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернаты мен Б.Момышұлы, М.Жүсіп атындағы ЖОББМ-нің оқушылары қатысты.
«Ақынның сыйлығынан сөзі қымбат» облыстық айтыстың Бас жүлде иегері Нұрбек Бәкір балалық шағында нағашы әжесімен айтысқа шыққаны, айтыс өнеріне сол кезден жақын екенін айтып өтті. Айтысқа шыққанда шабытты қайдан алатыны жайлы және сахнада болған түрлі қызықты оқиғалармен бөлісті.
– Айтыс – поэзия жанрларының ішіндегі ең қиыны, күрделісі, ұлттық құндылығымыз. Айтыс өнері түркі халықтарының ішінде қазақ пен қырғызда ерекше дамыған. Ал осы ұлттық құндылықты сақтап қалу үшін өткенді саралап, бүгінгіні бағалап отыру – басты мақсат. Бүгін осы кездесуге оқушылар келіп, айтыс өнеріне қызығушылықтары бар екенін, көздеріндегі отты байқадым, – деді Нұрбек Бәкір.
Кездесуді ұйымдастырушы әдіскер Әсем Аипова әр халықтың айтыс өнеріндегі өзіндік ерекшеліктері мен айырмашылықтарына тоқталып өтті.
– Қазақ халқында айтыс домбыра мен қобызмен сүйемелденді. Бұрын айтыс қоғамдық жиындарда, мерекелерде және ойын-сауық іс-шараларында жиі өткізілетін. Айтыс ойын-сауық пен әзіл-қалжың үшін ғана емес, халықтың қалауы бойынша елдің түкпір-түкпірінен ақындарды шақыра отырып ұйымдастырылды. Тарихтан айтыс рәсімінің өзі үлкен үйлену тойына ұқсас болғаны белгілі. Іс-шарамыздың басты мақсаты – балаларға осы айтыс өнері туралы айтып, «Төрт тоқсан - төрт өнер» жобасымен таныстыру, – деді Әсем Аипова.
Сонымен қатар жас ақын Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының оқушысы Қазыбек Ибрахиммен жекпе-жек айтысқа шығып, оқушыларды тәнті етті. Келген мектеп оқушылары айтыстың қызығына беріліп, айтыскер-ақынмен қимастықпен қоштасты.
Нұрбек Бәкір Баянауыл елінің тумасы, Көкшетау қаласында өткен «Бала ақын жас дарын» атты республикалық ақындар айтысының Бас жүлде иегері, Семей қаласында өткен «Ақберен» республикалық ақындар айтысының екінші орын иегері, М.Әлімбаевтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ақынның сыйлығыннан сөзі қымбат» атты облыстық ақындар айтысының Бас жүлдегері. Қазіргі таңда Қалижан Бекқожин атындағы мектепте ұстаздық қызмет етеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Видео: Оқушылар сарайы ұсынды