Павлодарда балалардың көбі қорқынышты кітаптарды оқиды
Кішкентай балаларға тек жақсы позитивті ертегілерді айтқан дұрыс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Сүлеймен Баязитов атындағы балалар оқу орталығының статистикалық көрсеткішіне сүйенсек, қазіргі таңда жас оқырмандардың 90% «horror» жанрдағы кітаптарды таңдайды.
– Қорқынышты нәрселер балалардың қиялын жаулап алады. Нәтижесінде дамыған қиялының арқасында қорқыныш, үрей, жоғалту азабы, дәрменсіздік сезімі сияқты эмоцияларды бастан кешіреді. Кітап пен киноның бірін таңдаған кезде кітап оқуды немесе ертегі айтуды таңдаған дұрыс, – дейді №25 жалпы орта білім беру мектебінің педагог-психологы Жанар Ордабаева.
Маманның айтуынша, бұл жағдайда баланың қиялы белсенді жұмыс істейді, сәйкесінше қияли ойлауы дами бастайды. Ал енді қауіпті болған жерде қиял тоқтайды, фантазия жүрмейді, жүрек соғысы мен тыныс алуы жылдамдайды. Сол себепті, ата-аналар қорқынышты фильмдерді немесе әңгімелерді айтып, көрсетпеген дұрыс.
– Кішкентай балаларға тек позитивті ертегілерді айтуға тырысыңыздар. Жас ерекшелігіне қарай кең ауқымды ертегілерді ұсыныңыз. Себебі, қорқынышты жанр баланың дамуының қажетті бір бөлігі де бола алады. Нақтырақ айтқанда, қорқынышты жеңуге, басқаларға жанашыр болуға үйретеді, – дейді психолог.
Ертегіні оқып болғаннан кейін баланың бойында қорқыныш сезімі туындаған жағдайда ата-ана шынымен де «қорқуға тұрарлық па?» деген сауалдарға жауап бере отырып, ертегінің мазмұнын толықтай балаға түсіндіріп, ашып беруі тиіс. Осылайша баламен сөйлесу арқылы өздерінің көптеген қорқыныштарына жауап бере алады. Десе де бойдағы үрейді тек ертегілердің көмегімен жеңуге болмайды. Ол баланың жасына, жалпы жағдайына байланысты. Жағымды бас кейіпкерден үлгі ала отырып, өзінің де қорқынышын жеңе алады.
– Ата-аналардың жиі жіберетін қателігі – баланың жүйке жүйесін өз бетінше бағалауы. Яғни, бала бойындағы үрейге аса мән бермей, қалыпты жағдай деп қабылдау – дұрыс емес. Бұл сезімтал балаларға үлкен жағымсыз әсерін тигізеді. Баланың дене бітімі, темпераменті, ойлау жүйесі қысымда болып жүре береді. Сонымен қатар, баланың дамуын тежейді, бала ашуланады, мазасызданады, тұйықталады, зейіні нашарлайды, назарын аудару өте қиынға соғады, – дейді ол.
Психологтың сөзінше, мұның барлығы мектепте қиындықтарға алып келеді. Уақыт өте келе, психосоматикалық көріністері байқала бастайды. Бала есейген кезде қорқыныштары санадан тыс шығарыла бастаса да ересек жаста да үрейі бірге жүруі әбден мүмкін. Сол үшін де арнайы маманға қаралып, дұрыс көмек көрсетілуі тиіс.
Айта кетейік, қорқыныш баланың қоршаған ортаға бейімделу процесінде маңызды рөл атқарады. Баланы шамадан тыс қорғаштау оның өзін өте кішкентай, әлсіз тіршілік иесі ретінде сезінуге және қоршаған әлем қауіп-қатерге толы секілді көруге әсер етеді. Бұл тұста ата-ананың бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, баламен сырласып, жанына үңіліп, оны мұқият тыңдауы барлық мәселелердің алдын алуына септігін тигізеді.