Павлодарда мәскеулік дәрігер ультрадыбыстық диагностиканың жаңа қырын ашты
Бес күндік семинарда ақ желеңділер дертті анықтаудағы заманауи әдіс-тәсілдерді үйренді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасының анестезиология-реанимация бөлімшесінің базасында Ресейден келген мамандармен анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінің дәрігерлеріне арналған «Анестезиология мен реаниматологиядағы ультрадыбыстық навигация» тақырыбы бойынша халықаралық шеберлік сабағы өтті. С.П.Боткин атындағы ҚБДМ ҚКА ультрадыбыстық диагностика дәрігері, анестезиолог-реаниматолог Всеволод Лыхин жаңа әдістемені аурухананың жиырма дәрігеріне бүге шүгесіне дейін айтып берді.
– Осында сапармен келуіміздің бірден-бір себебі бұл–анестезиолог-реаниматологтардың ультрадыбыспен жұмыс жасаудағы мүмкіндіктерді кеңейту. Дәрігер қабылдау бөліміне түскен шұғыл науқастың өміріне қауіп төндіре алатын жағдайды ультрадыбыстық диагностика арқылы анықтай алады,– деді Всеволод Лыхин.
Ультрадыбыстық навигация мобильді түрде науқастың үйіне шығып, өткізуге мүмкіндік береді. Дәрігерлер монитор арқылы иненің қай жерге еніп тұрғанын көре алады. Бұл дұрыс диагнозды табудағы уақытты едәуір қысқартады. Яғни, анотомиялық белгілерді қолданған кезде қандай-да бір қауіптер мен асқынуларды азайтуға мүмкіндік беретін қауіпсіз әдіске жатады.
– Бөлімшеде түрлі жастағы дәрігерлер жұмыс істейді. Кейбірі ультрадыбыстық аппаратпен жұмыс істеп көрген емес. Оларға жабдықтың бүкіл механизмін айтып, түсіндірдік. Одан кейін жаңа тәсілдерді манекен арқылы көрсетіп, манипуляцияларды жүргіздік,– деді анестезиолог-реаниматолог.
Семинардың алғашқы күндерінде павлодарлық дәрігерлер ультрадыбыстық бақылаумен науқастарға катетрлерді енгізді.
– Осындай тәжірибелік шеберлік сабақтар арқылы дәрігерлер күнделікті қалыпты жұмысқа басқаша көзқараспен қарай алады,– деді Всеволод Лыхин. – Бес күндік курс нәтижесінде дәрігерлер қажетті дағдыларды үйренді. Осылайша, біз көмек көрсету сапасын арттырып, диагностикаға кететін уақытты қысқартамыз.
Оның сөзінше, ультрадыбыстық навигация арқылы пневматорокс, іш қуысындағы сұйықтық, жүрек тампонадасы және басқа да күрделі патологияны анықтауға болады.
– Жалпы әріптестердің осы жаңа бағыттағы дағдылары бар. Біз олардың мүмкіндіктерінің аспектісін кеңейттік. Семинар арқылы дәрігерлер осы бағытта одан әрі дамиды деген ойдамын,– деді Всеволод Лыхин.
Мәскеуден келген дәрігер осындай семинарды алдағы уақытта да өткізуді жоспарлап отыр. Бүгінде мамандар шеберлік сабақтарын Қарағанды, Астана, Алматы қалаларында өткізуде.
Фото: Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық аурухана ұсынды.