Ақсу қаласында фермерлік базар салу жоспарлануда
Ол осы жылдың қазан айында ашылу қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімдігінде Ақсу қаласында фермерлік базар салу және инвестициялық аймақ құру жөніндегі жобалардың іске асырылу барысы талқыланды.
Жиналыста фермерлік базардың құрылыс барысы талқыланды. Бүгінгі таңда нысанға барлық инженерлік желілер тартылып, 40 жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, кәсіпкер өнімдерді сақтауға және сұрыптауға арналған ғимарат салуды жоспарлап отыр.
Облыс әкімі павлодарлық «JAILAU» үлгісіндегі фермерлік базарлардың әлеуметтік маңыздылығын еске салды.
– Мен фермерлік базарларды ашудың үш негізгі критерийін айқындадым: делдалдарға жол бермеу және ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей өндірушілерден сату, төмендетілген жалдау құны және келісім-шарт мерзімі кемінде 15 жыл болу керек, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда Ақсу қаласында 176 гектар аумақта инвестициялық аймақ құру бойынша Жол картасы қабылданды. Мұнда тамақ және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары орналасатын болады. Ақсу әкімдігі және «Павлодар» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамымен жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Асайын Байханов «Павлодар» ӘКК АҚ-на инвестициялық аймаққа инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу бойынша ЖСҚ әзірлеуді жылдамдатуды, ал, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына оны дамыту жөніндегі негізгі іс-шаралардың тізімін екі апта мерзімде ұсынуды тапсырды.
Фотоларды түсірген Валерий Бугаев