Күзде Тереңкөл ауданының үш ауылында су құбыры іске қосылады
Жалпы ауданда таза ауызсумен жабдықтау бойынша төрт жоба іске асырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Тереңкөл ауданының әкімі Азамат Маңғұтов мәлім етті.
– Песчаное, Ивановка ауылдарындағы су құбырларын қайта құру, Тереңкөл ауылындағы су тазарту құрылыстарының бірінші көтеру станциясын реконструкциялау және Осьмерыжск ауылындағы су құбырының жаңа құрылысы жүргізілуде,– деді аудан әкімі.
Аудан әкімінің сөзінше, Осьмерыжск ауылына 300 жыл және ол жерде ешқашан су құбыры болмаған. Ауылда 200 адам тұрады. Бүгінде жұмыстар 85%-ға аяқталды, қыркүйек айында іске қосылады.
–Жазғы уақытта кемінде 40-50 аула су құбырын тартады. Ивановка мен Осьмерыжск ауылындағы жобаларды аяқтасақ, таза ауызсумен қамту деңгейі 98 пайызға дейін өседі,– деді Азамат Маңғұтов.
Ивановка ауылында 1973 жылы су құбыры салынған еді, бүгінде тұрғындар төрт құдықтан су алып жатыр. Су құбырын қайта құрғаннан кейін 170 аулаға су тартылады деп жоспарлануда.
– Песчаное ауылында су құбырын қайта құру - екі жылдық жоба. Қазір жүріп жатқан жұмыстардың қарқыны жаман емес. Соңғы рет 2009 жылы тоғыз көшеге су тартқан болатынбыз. Бұл жобаны келесі жылы аяқтаймыз,– деді Азамат Маңғұтов.
Оның айтуынша, шалғай ауылдарда тұрғындардың саны аз болғандықтан, жаңадан су құбырын салу тиімсіз болып табылады. Сондықтан да ол жерлерде кешенді блок модуль орнатылған.