Павлодарлық ғалымдар ағаш жапырақтарын жылу көзіне айналдыруда

Жану жылуы екібастұздық көмірмен бірдей, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Торайғыров университетінің ғалымдары қалалық сенбілектерде жиналған жапырақтарды тиімді өңдеудің тың жолын ұсынды. Олар жапырақтарды брикеттеу арқылы экологиялық таза отын өндіру жобасын жүзеге асырып келеді.
Жылу энергетикасы кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Амангелді Қармановтың айтуынша, жобаның мақсаты – жиналған өсімдік қалдықтарын полигонға тастамай, қайта өңдеп, энергия көзіне айналдыру. Бұған дейін жиналған жапырақтар қалалық қоқыс полигонына жеткізіліп, онда шіріп, ауаға зиянды газдар бөлетін. Енді ғалымдар арнайы қондырғыда жапырақтарды брикетке айналдырып, көмірдің орнына отын ретінде қолдануды жоспарлап отыр.
– Біз жүргізген зертханалық сынақтардың нәтижесінде брикеттелген жапырақтардың жану жылуы Екібастұз көмірімен тең екені анықталды. Күлі аз мөлшерде қалады. Күл қалдықтарының құрамындағы азоттың арқасында оны ауыл шаруашылығында тыңайтқыш ретінде пайдалануға болады, – деді ол.
Жоба авторларының сөзінше, дайын өнім кез келген пеште жана алады. Әр пештің түріне қарай брикеттер, түйіршіктер, пилеттер жасауға болады. Сонымен қатар, оларды сақтау және тасымалдау оңай. Ғалымдар үш жыл бойы осы технологиямен айналысып келеді.
Ғалымдар атап өткендей, қазіргі таңда энергия тұтыну көлемі жыл сайын өсіп келеді. Сондықтан да қалдықтардан энергия көзін алу – уақыт талабы.
Бүгінгі күні жоба патенттелген. Ғалымдар экологиялық проблемаларды шешу үшін жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуге дайын.