Павлодарлық оқушы әлемдегі №1 Wharton бизнес-мектебіне жолдама алды

Павлодарлық оқушы әлемдегі №1 Wharton бизнес-мектебіне жолдама алды
Фото: Павлодар қаласындағы NIS баспасөз қызметі

Ол Қазақстаннан алғаш болып Wharton мектебіне түскен, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

NIS баспасөз қызметінің мәліметінше, 12-сынып оқушысы Дания Артықбаева «Шырмауық» лигасы Пенсильвания университетінің толық грантын иеленді. №1 Wharton бизнес-мектебі және ғылым бағыты бойынша Life Sciences and Management бағдарламасына жолдама алды. Екі мамандыққа түсуге мүмкіндік алып, болашақта қос диплом иегері атанбақ.

Аталған бағдарламаға жылына тек 25 адам оқуға түседі. 

Дания Артықбаева 7-сыныптан биология пәніне қызығушылық таныта бастап, түрлі олимпиада мен ғылыми жобаларға қатысқан. 

Мен үшін бұл университетке түсу алынбайтын қамалдай болды. Өйткені Пенсильвания университеті оқуға өтінім беретіндердің 5-6 пайызын ғана оқуға алады. Әлемнің белді жоғары оқу орнында білім алатынымды естігенде қуанышым қойныма сыймады,  – деді Дания Артықбаева. 

Шәкірт жоғары 5-тен 5 орташа балл, IELTS 8.0 ұпай жинаған.

Бұған дейін FLEX бағдарламасының финалисті атанып, Америка Құрама Штаттарының орта мектебінде бір жыл білім алған. Бұл сапар оған ағылшын тілінің деңгейінің артуына, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысуына септігін тигізді. UPenn бизнестің қыр-сырын меңгеруге бағытталған.