Павлодарлықтар үшін МӘМС аударымдарының жоғарғы шегі өсуі мүмкін
Қазіргі уақытта ол 10 ең төменгі жалақыдан аспайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, Денсаулық сақтау министрлігі «Ашық НҚА» порталында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарналар мен аударымдарды төлеу қажет болатын табыстың ең жоғары мөлшерін бес есе ұлғайтуды ұсынған заң жобасын дайындап, жариялады. Жоба талқылау үшін еркін қол жетімді.
Жарналар тек 850 мың теңгеге дейін табыстан алынуы мүмкін. Жоғарыдағы кірістен жарналар жасалмайды.
Әділдік қағидатын қамтамасыз ету үшін министрлік 2025 жылдан бастап жоғарғы шекті ЕТЖ мөлшерін 10-нан 50 есеге дейін арттыруды ұсынды.
– Бүгінгі таңда МӘМС-тің қазақстандық моделінде қаражатты регрессивті бөлу қолданылады. Яғни, табыс неғұрлым аз болса, кірістің пайыздық үлесі соғұрлым жоғары. Әділ жүйеде табысы төмен адамдар табысы жоғары адамдардан артық төлемеуі керек. Сондықтан ұсынылып отырған норма – жоғарғы шекті 50 ЕТЖ дейін ұлғайту - денсаулық шығыстары үшін жауапкершілікті неғұрлым әділ бөлуді көздейді, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта:
- орташа жалақысы 300 мың теңгені құрайтын қызметкерлер МӘМС-ке 6 мың теңге төлейді;
- кіріс 1,5 миллион теңге болған жағдайда жоғарғы шек іске қосылады және жарна 17 мың теңгені құрайды(1,1%);
- кіріс 3 миллион теңге болған жағдайда жарна 17 мың теңгені құрайды(0,6%).
Өзгерістен кейін ЕТЖ көлемі есепке алынып жоғарғы шек 4,2 миллион теңгені құрайды. Кіріс жоғары болған сайын, жауапкершілік те жоғарылайды.
– Табысы 4 млн 250 мың теңгеден асатын тек 2,3 мың қызметкер үшін ғана МӘМС-ке жарналар бес есе артады. Бұл елдегі барлық жалдамалы жұмысшылардың 0,04% құрайды. Жалпы, бұл норма 850 мың теңгеден астам табысы бар жалдамалы қызметкерлердің 9%-ына әсер етеді. Жұмысшылардың 91%-ы үшін ештеңе өзгермейді, – деп мәлімдеді министрлікте.
Бүгінгі күні денсаулық сақтау жүйесі әлі де жеткілікті қаржыландырылмау мәселесіне тап болып отыр, бұл жалпы медициналық көмекті ұйымдастыруға, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне, сондай-ақ жалпы денсаулық сақтау жүйесі мен МӘМС-тің қаржылық тұрақтылығына теріс әсер етеді.