Павлодар облысында кемістікпен туған сәбилердің 90% тірі қалады
Олардың басым бөлігінде асқазан-ішек жолдарының ақаулары диагнозы қойылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облыстық балалар ауруханасы хирургиялық бөлімінің меңгерушісі Ерлан Рамазанов мәлім етті.
– Жуырда дүниеге келгеніне 20 күн болған қыз балаға ота жасалды. Сәбиге асқазан-ішек жолдарының ақаулары диагнозы қойылды. Алғашқы оталардың бірі сәтті өтті. Науқастың жағдайы бірқалыпты және әрі қарай жақсарады деп сенеміз. Енді оған тағы екі ота жасау жоспарлануда, – дейді Ерлан Рамазанов.
Оның айтуынша, облыста неонатальді хирургия саласында тек екі маман ғана жұмыс істейді және олар барлығына үлгеруде. Мұндай оталарға бір-үш сағатқа дейін уақыт кетеді.
– Бүгінгі таңда неонатальді хирургия саласы қарқынды дамуда. Мәселен, 15-20 жыл бұрын осындай ауруларға шалдыққандардың 90 пайызы көз жұмса, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 10 пайызға дейін төмендеді. Өңіріміз бұл саладағы жетістіктер бойынша елімізде алдыңғы қатардағы аймақтардың тізімінде тұр, – дейді Ерлан Рамазанов.
Айта кетейік, неонатальді хирургия – балалар хирургиясының ішіндегі ең күрделі бөлімдердің бірі. Бұл саланың дәрігерлері жаңа туған нәрестелерге ота жасау арқылы олардың өмірін сақтап қалуға бар күш-жігерлерін салады.