Павлодарлық көпбалалы журналист: Төрт жасымнан мал баққанмын
Ер мінезді, қиындыққа қасқая тұрып төтеп бере алатын, қоғамдағы түйіткілді мәселелерді көтеріп жүрген журналист Нұржайна Шодыр – бала тәрбиесі мен журналистика саласын қатар алып жүрген батыл ана, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оның білікті маман, аяулы ана, адал жар болып, өмірден өз орнын табуына ата-анасының берген тәлім-тәрбиесінің маңыздылығы зор. 20 жылдан аса «Saryarqa samaly» облыстық газетінде шолушы болып еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі журналист бала кезінен ата-анасы адалдыққа, әділдікке, еңбекке үйреткенін айтады. Содан болса керек, әлі күнге дейін жалқаулық пен шаршау дегенді білмейді. Әрдайым алға қойған мақсатқа жету үшін барын салып, аянбай еңбек етеді.
– Біз Моңғолиядан көшіп келгенде үшінші сыныпта оқыған едім. Қоныс аударған жылы әкем инсульт алып, төсек тартып қалды. Сол кезде шешем әкемнің жанында жүретін. Отбасымызда жеті бала, мен үшіншісімін. Төрт жасымнан мал бағатынмын. Үлкен әпкем сегізінші сыныптан кейін колледжге түсіп, кейін тұрмысқа шықты. Бүкіл ұлдың да, қыздың жұмысы да менің мойнымда болды. Үйдің үлкені сияқты болдым, – деп еске алады Нұржайна Шодыр.
Еңбекке ерте араласқан ол велосипедпен жаздың аптап ыстығында мал бақса, қыстың қақаған аязында мал жайлап, қора тазалаған. Тіпті, сиыр сауып, нан пісіру де жас қыз үшін еш ауырлық тудырмаған.
– Ол кезде нормамен екі нан беретін. Біз бөлімшеде тұрдық, велосипедке мініп алып, совхозға таңнан барып, кезекте тұрып екі нан алып келетінмін. Отбасымда көп кісі болғандықтан, нан жетпей, қолдан пешке нан пісіретінбіз. Ол кезде сепаратор деген болған жоқ. Саба пісіп, сары май істеп алатынбыз, – дейді журналист.
Тоғызыншы сыныпқа дейін Май ауданында білім алған кейін отбасымен Ақсудағы Үштерек ауылына көшіп келеді. Ол ауылда қазақ сыныбы болмаған соң Павлодарға бір мектеп-интернатқа оқуға түседі. 11-сыныпты 200 бала бітіреді, алайда олардың ішінде екі-ақ бала оқуға түсті. Олардың бірі – Нұржайна Шодыр. Сол кездері енді мектеп бітірген жас қыз заңгер болуды армандайды.
– Ата-анам үнемі әділдік мен адалдықты санамызға сіңіріп отыратын. Сондықтан әділ шешім қабылдап, елге қызмет еткім келді. Бірақ заңгер мамандығына конкурс жоғары болды. Сол жылы журналистика мамандығы ашылып жатыр дегенді естіп, осы мамандыққа тапсыруға шешім қабылдадым. Осылайша бюджетқа оқуға түсім кеттім, – дейді ол.
Бірінші курсты бітірген студент практикаға Saryarqa samaly газетіне келген. Редактор әртүрлі тақырыптарға материал жазуға тапсырмалар береді. Ол кезде жас журналистер болмаған. Бір күні редактор жарты ставкаға жұмысқа тұруды ұсынғанда жас маман қуана келісе кетеді. Практика уақытында радиоға, телеканалдарға да барады, бірақ дәлі осы «Saryarqa samaly» газетін жүрегіне жақын қабылдайды. Содан бері аталған басылымда еңбек етіп келе жатқанына биыл 21 жыл болған.
Облыстық басылымда қызмет етіп жүріп, тұрмысқа шығады. Бүгінгі таңда бес бала тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы студент болса, ең кішісі балабақшаға барады. Кейде күйбең тірліктен қатты шаршап кеткен кезде балаларының шат күлісінен қуат алатынын айтады.
– Бес баламен журналистика саласында үлгеріп жүргеніме жас кезімнен еңбекке ерте араласуым себеп болған шығар деп ойлаймын. Бала кезімізден шыңдалдық, қиындықтың бәрінен өттік. Бұл да бір үлкен тәрбие болды. Біздің кезімізде шынайы журналистикаға жастардың қызығушылығы болатын, алайда бүгінде жалындап тұрған жастар байқалмайды. Қазір журналистика дамып келеді, бірақ сонда да сөз бостандығы жоқ. Халықтың мәселесін тереңдетіп жазып, қанатыңды кеңге жая алмайсың, шектеу бар, – деп атап өтті Нұржайна Шодыр.
Тәжірибелі журналист көбінесе елдік мәселелерді, яғни әділетсіздікке тап болып жүрген жандар туралы жазғанды ұнататынын және сол мәселе шешілсе, содан ләззат алатынын айтады.
– Мысалы, былтыр Екібастұзда сау баланы туберкулёзбен ауырады деп есепке қойып тастаған. Сол кісілердің мәселесін көтеріп, материал жазғаннан кейін ол проблема шешілген болатын. Сондай-ақ бір жылдары бруцеллезбен ауырған малдарын тапсырып, ақшасын ала алмай жүрген халықтың мәселесін көтеріп, ол да оңынан шешімін тапқан. Қоғамдық мәселелерді тұрақты түрде жазып тұрамын. Адамдар алғыстарын білдіріп тұрады, – дейді ол.
Бұдан бөлек, журналист білім, тәрбие тақырыптарында халыққа ой салатын материалдар, психологтардың кеңестерін, мектептегі буллинг мәселелерін көтеріп тұрады.
Айта кетерлігі, Нұржайна Шодыр – журналистика факультетінің алғашқы қарлығашы, университетті үздік дипломмен бітірген, түрлі облыстық, республикалық байқауладың жүлдегері, облыс әкімі грантының иегері.