Павлодар облысында қыз-келіншектер сұлулық үшін ақша аямайды

Өңірде былтыр шаштараздар мен сұлулық салондарына алты млрд теңге жұмсалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Finprom.kz сарапшыларының мәліметінше, 2024 жылғы қаңтар-желтоқсан қорытындысы бойынша шаштараздар мен сұлулық салондары 67 млрд теңгеге қызмет көрсетті. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда құндық мәнде 7,5%-ға артық. Мұндай қызметтердің басым бөлігі Алматыда көрсетілді: 14,5 млрд теңге (немесе жалпы көлемнің 21,7%). Алайда, бір жыл ішінде бұл көрсеткіш Оңтүстік астанада айтарлықтай төмендеген.
Шаштараздар мен сұлулық салондары қызметінің ең үлкен көлемі бес өңірде – Астана (11,2 млрд теңге), Қарағанды (9,4 млрд теңге), Павлодар (6 млрд теңге) және Қостанай (5,3 млрд теңге) облыстарында тіркелді. Ал Түркістан (395,7 млн теңге), Ұлытау (482,5 млн теңге) және Атырау (657,5 млн теңге) облыстарында керісінше аталған қызмет түрі азырақ көрсетілген.
– Биыл жылдың ақпан айында шаштараздар мен сұлулық салондарының қызметтері өткен жылдың ақпан айымен салыстырғанда 12,1%-ға қымбаттады. Жеке қызметтердің ішінде ер адамдардың шашын қию бағасы айтарлықтай 16,2%-ға өскен, – дейді сарапшылар.
Әйелдер шашын қию – 10%-ға, педикюр – 5,4%-ға, маникюр – 5% -ға, эпиляция 2,9%-ға қымбаттады. Сектордағы бағалар Ұлытау облысында бірден 24% -ға өскен.
Бұдан әрі Маңғыстау (23,5%-ға), Батыс Қазақстан (20,9%-ға), Павлодар (20,7%-ға) және Солтүстік Қазақстан (19,6%-ға) облыстары тұр. Бағаның ең төмен жылдық өсімі Қызылорда облысында (3,1% -ға), Ақтөбе (5% -ға) және Атырау (5,9% -ға) облыстарында байқалды.
2025 жылғы қаңтарда әйелдер шашын қиюдың орташа құны төрт мың теңгені, ерлер шашының орташа құны 2,6 мың теңгені құрады. Ірі қалалардың ішінде ең жоғары бағалар Алматыда тіркелді, онда әйелдердің шашын қию орташа есеппен 6,1 мың теңгені, ал ерлер шашын қию 3,6 мың теңгені құрады. Ал Семейде әйелдер шашын қию (2,5 мың теңге), ерлер үшін Орал қаласында (1,8 мың теңге) арзанырақ.