Павлодар облысында инклюзивті білім беру жүйелі дамып келеді
Өңірде ерекше қажеттілігі бар 8,5 мыңнан астам бала тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқыту мен әлеуметтік бейімдеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Жібек Айтмұхамбетова мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірде 8,5 мыңнан астам ерекше бала бар, олардың екі мыңнан астамының мүгедектігі бар. Балаларды арнайы оқыту мен тәрбиелеу үшін облыста 34 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді.
– Олардың қатарында жеті арнайы мектеп-интернат, тоғыз арнайы балабақша, төрт психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 13 түзету кабинеті және бір аутизм орталығы бар. 2023 жылдың соңында Павлодар қаласында тағы бір ПМПК ашылып, олардың жалпы саны төртке жетті, – деді Жібек Айтмұхамбетова.
Маманның айтуынша, бүгінде өңірде ерекше балаларға арналған дифференциалды және интеграциялық оқыту түрлері енгізілген. Ерекше қажеттілігі бар балалар жалпы мектептер мен балабақшаларда өз құрдастарымен бірге білім алады.
– Инклюзивті білім беру – бұл ерекше балалардың қалыпты ортада білім алып, әлеуметке бейімделуіне мүмкіндік беретін жүйе. Мұндай балалар үшін ПМПК қорытындысына сәйкес жеке және бейімделген бағдарламалар әзірленеді, – деп атап өтті бөлім басшысы.
Білім беру басқармасының дерегінше, ерекше балаларға қолдау көрсету мақсатында өңірде 20 инклюзияны қолдау кабинеті ашылған. Оның 13-і Павлодарда, екеуі Екібастұзда, біреуі Ақсуда, сондай-ақ Ертіс, Май және Шарбақты аудандарында бар. Алдағы 2026 жылға қарай тағы бес кабинет ашу жоспарланған.
– Қазіргі таңда бұл кабинеттерде 600-ден астам бала қамтылған. Онда логопедтер, дефектологтар, психологтар, педагог-ассистенттер және басқа да мамандар жұмыс істейді. Жалпы облыс бойынша арнайы педагогтардың саны 504-ке жетті, – деді Жібек Айтмұхамбетова.
Бүгінде Павлодар облысында 3,5 мың бала жалпы мектептер мен балабақшаларда инклюзивті біліммен қамтылған. Ал 1 679 бала арнайы білім беру ұйымдарында оқиды.
Сонымен қатар, 400-ден астам бала түзету кабинеттеріне барады, ал «Мирас» аутизм орталығында 100-ден астам бала тұрақты түрде көмек алуда.
Қазір өңірде инклюзивті білім беруді дамытудың арнайы концепциясы әзірленіп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп жүргізілуде. Жалпы, инклюзивті білім беру – қоғамдағы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің маңызды бөлігі.