«Қауіпсіздік әліпбиі: Павлодарлық құтқарушылар балалар орталығына барды
Олар оқушыларға мультфильмдік плакаттар табыстады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Балаларды қорғау күні қарсаңында ТЖ департаментінің басшылығы мен қызметкерлері, сондай-ақ ведомстволық бағынысты бөлімшелері арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау жөніндегі өңірлік орталығының тәрбиеленушілері үшін іс-шара ұйымдастырды.
– Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамы өрт шыққан кезде балаларды эвакуациялау бойынша практикалық сабақтар өткізді, балалар өрт техникасымен танысты. Сондай-ақ, ТЖ қызметкерлері балаларға өрт қауіпсіздігі ережелерін, оларды қалай сақтау керектігін және өрт сөндіргішті қалай пайдалануын көрсетті. Әңгімелесу барысында оқушыларға ақпаратты жақсы қабылдау үшін мультфильмдік плакаттар табысталды, олардың суреттерін «Қауіпсіздік әліпбиі» қосымшасының көмегімен көшіруге болатынын жеткізді, – деді департаментте.
Құтқарушылар шомылу маусымына қатысты судағы қауіпсіздік туралы ақпаратты жеткізді, сондай-ақ көрнекі түрде балаларға жүзу және құтқару құралдарын таныстырды. Балалар өздерін қызықтырған сұрақтар қойып, оларға жауаптар алды.
Іс-шара соңында ТЖД қызметкерлері тәрбиеленушілерге тәттілерді табыстады. Аталмыш шара Павлодар облысы ТЖД ардагерлер кеңесінің қолдауымен өтті.